«Тәуелсіздік құрдастары»: табыстың кілтін тапқан Медет Байкен

Жігіттік жаста 600-ден астам адамға бас-көз болу екінің бірінің қолынан келмейді. Бірақ оның өміршеңдігін Медет Байкен өнегелі ісімен дәлелдеді. Жігерлі жас әріптесімен бірлесе биылғы жылы Атырау қаласында «Baizaar» сауда ойын-сауық орталығын ашты. Тәуекелге бел буған жігіт бүгінде 3 қабатты ғимараттың жұмысын үйлестіріп отыр.

WhatsApp Image 2016-11-15 at 17.37.03

2016-11-15 at 17.37.08

– Сауда бизнесіне деген қызығушылықты Астанадағы «Хан шатыр» орталығы оятты. Алғашқы еңбек жолым сол жерде қарапайым маркетинг маманы ретінде басталды. Заманауи сауда орындары өңірлерге ауадай қажет деген ойға келдім. Әуелі барлық облыстардағы сауда нарығын зерделедім. Есеп-қисап жұмыстарының нәтижесінде таңдау Атырауға түсті. Заманауи нысанның құрылысына қажетті қомақты қаржы банктерден несие түрінде алынды. Орталықтың алаңдарын әдеттегідей жалға бермей, өзіміз қаладағы ірі гипермаркет, киім бутигін аштық. Енді бар күш-жігер олардың жұмысын оң жолға қоюға жұмсалуда.

Тәуелсіздіктің таңы атқан жылы Медет Ақмола облысының Қорғалжын ауылында дүниеге келген. Балалық шағында әкесіне бой түзеп, әскери форманы киюді армандаған. Бірақ есейе келе математикаға деген қызығушылық басым түскен. «Есепші анамның қасиеті бойыма көбірек дарыған болар» деп күледі жас.  

WhatsApp Image 2016-11-15 at 17.26.33WhatsApp Image 2016-11-15 at 17.26.32

– Бәзбіреулер Қазақстанда жеке кәсіпті ашудың қиындығын алға тартады. Бірақ оның шындыққа жанаспайтынына көзім жетті. «Ынта болса адамда» демекші, шетелмен салыстырғанда елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдайлар жасалған. Мәселен,  Голландияда, Францияда, АҚШ-та салынатын салық көлемі өте жоғары, талаптары тиімсіз. Қолданыстағы заңдар шеңберінде шаруаны дөңгелетіп отырмын. Әрбір жетістігім – тәуелсіздіктің, бейбітшілік пен тұрақтылықтың жемісі – деп өзінің ойымен тәуелсіздік құрдасы бөлісті.

Жас кәсіпкердің өмірге деген құлшынысы, бойындағы таудай талабы талайды тамсандырады. Оның жігіттік жасында бағындырған белестері бір төбе: математикадан халықаралық доданың жүлдегері, ақындар бәйгесінің жеңімпазы. «Сегіз қырлы, бір сырлы» жас продюсерлік тәжірибеден де кенде емес. Оның қаламынан туған 4 ән сахнада шырқалған. Медеттің спортта да бағы жанып, бокс және волейбол бойынша үздіктер қатарынан көрінген. Медальдар қоржыны білім көкжиегіндегі жетістіктермен толықты. Ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша маркетинг пен менеджменттің қыр-сырын меңгерді. – Мені «Егер бір істі бастасаң қорықпа, қорықсаң бастама, бастасаң тастама» деген Шыңғысханның сөзі қанаттандырады. Өзімді жан-жақты дамытуға тырысамын. Білуге деген құштарлықтың арқасында қоғамдық жұмыстарға атсалысып, кітап оқуды дағдыға айналдырдым. Оның жемісі қолға алған әрбір істе сезіледі. Адамның бойында құлшыныс болмаса, жетістікке жету екіталай. Тәуелсіздік құрдасы ретінде маған жүктелетін жауапкершілік жүгі жауапты. Мен еліммен бірге түлеп, аяққа нық тұрдым. Енді оның мерейін асыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту – азаматтық борышым. Бұл мені әрдайым қанаттандырады, ізденіске және жаңашылдыққа  жетелейді – деп ағынан жарылды жас кәсіпкер.

Медет тірлігі күйбең жеке кәсібімен қатар Алматы менеджмент университетінің Атырау филиалындағы  ғылыми қызметіне де үлгереді. Іскер жігіт студенттерге бағыт-бағдар беріп, өзінің біліп-түйгенімен бөліседі. Енді бастамшыл жас білімді және дарынды 5 атыраулыққа жоғары оқу орнында тегін оқу мүмкіндігін сыйламақ. Оның пайымынша, әрбір кәсіпкер әлеуметтік жауапкершілігін сезінуі тиіс.

WhatsApp Image 2016-11-15 at 17.37.04

WhatsApp Image 2016-11-15 at 17.37.07

– Менің табысымның басты кілті – отбасымда. Олардың махаббаты мен сенімі мені жаңа белестерге жетелейді. «Отан – отбасынан басталады» деп тектен-текке айтылмаған. Оның негізіне туған жерге сүйіспеншілік, адамгершілік, еңбексүйгіштік бойлайды, – деп түйді Медет.

Медетпен тілдесіп, «маңдайы терлемегеннің, қазаны қайнамайды» деген аталы сөз ойға оралады. Бүгінде Медет отбасының тірегіне айналып отыр. Ол жарымен бірге қызын тәрбиелеуде.

WhatsApp Image 2016-11-15 at 17.19.44 (1)

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар