Елбасы кітапханасында Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық белесіне арналған 25 мерейлі күндер басталды

Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейлі белесіне Елбасы кітапханасы да өзіндік үн қосуда. Бүгінгі күннен бастап рухани орда сындарлы жылдардың басты құндылықтары мен табыстарын паш етеді. Тәуелсіздік мейрамына дейін «Ұлы дала Елі: тәуелсіздіктің 25 негізі» арқау етіледі. Әрбір күн елдіктің арқауына айналған құндылықтарға арналмақ. Бүгін – тәуелсіздік пен тұрақтылықтың кепіліне айналған Ата Заңға құрмет көрсетілді. Оның қабылдану тарихы, елімізді өркендетудегі маңыздылығы бойынша мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылып, Елбасының жеке мұрағатынан алынған құнды құжаттар мен бейнематериалдар көрсетіледі.

0U3A9837

– Бүгін Елбасы кітапханасында тәуелсіздіктің екінші мүшелі белесіне арналған 25 күндік мерекелік шаралар басталды.  Оның шеңберінде әр күнге қазақстандықтар үшін маңызды құндылықтар арқау етіледі.  Қазақстан Республикасының Конституциясы, Мемлекеттік рәміздер, Мемлекеттік шекара, Мемлекеттік тіл, Жаһандық бастамалар, Азаматтық қоғам, Ұлттық валюта, Ғылым және жаңа технологиялар секілді әрбір тақырыптың мәні мен мазмұнын жан-жақты ашу жоспарланып отыр.  Тәуелсіздік шежіресі көз алдымызға елестеп, оның отандастарымыз үшін қаншалықты қастерлі және киелі ұғым екендігіне көз жеткіземіз. Оның тұғырын бекемдеуде Елбасының рөлі, көрегенділігі мұрағаттағы материалдар арқылы паш етіледі, – деп Тәуелсіздікке арналған 25 күндік тартудың маңыздылығын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев түсіндірді.  

25 күн бойы құнды бейнематериалдар, баға жетпес тарихи сұхбаттар, маңызды құжаттар мен суреттер көрсетіледі. Келушілер жасампаз жылдардағы әрбір саяси шешімді қабылдаудың маңыздылығымен жете таныса алады.

0U3A9856

– Мерейлі 25 күнге орай Елбасының жеке мұрағатындағы құжаттарды зерделедім. Әрқайсысымен жете танысып, Мемлекет басшысының көрегенділігіне және сарабдал саясатына тәнті болдым. Нәтижесінде 22 бейнематериал және 20-ға жуық фото іріктеп алынды. Олар 1991-2014 жылдар аралығын қамтиды. Елбасының салиқалы сұхбаттарымен, қоғам қайраткерлері мен шетелдік делегация өкілдерінің сөйлеген сөздерімен танысуға болады. Мұрағаттан алынған материалдар әрбір тақырыптық күннің мәні мен маңыздылығын аша түседі. Олардың тарихи, тағылымдық және тәлімдік құндылығы өте жоғары, – дейді қажетті тарихи материалдарды іріктеген Мұрағат жұмысы секторының аға сарапшысы Хамит Момынқұл.

Бүгін Елбасы кітапханасында Ата Заң әспеттелсе, ертең мемлекеттік рәміздер ұлықталады. Мемлекет басшысының 25 жылда қалаған қазақстандық жолы тарихпен, «Нұрлы болашаққа» ұмтылыспен өріле паш етіледі.  

0U3A9859

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар