«Жол қауіпсіздігі» ұлттық тұжырымдамасының жобасы таныстырылды

Бүгін Елбасы кітапханасында «Қазақстандағы жол қозғалысы қауіпсіздігінің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Басқосуда Парламент депутаттары, Бас прокуратураның, орталық мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері тоғысты.

0U3A98688

Әзірге жолда жүру ережелері өмірдің басты қағидаларына айналмай отыр. Оны ресми мәліметтер айғақтайды. Жол-көлік оқиғаларынан жапа шеккендердің саны бойынша Қазақстандағы ахуал көңіл көншітпейді. 100 мың тұрғынға шаққанда 15 адам көз жұмады. Көрсеткіш Қырғызстан, Армения, Ресей іспетті ТМД мемлекеттеріне қарағанда жоғары саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының белгілеген деңгейі 8-ден аспайды.

 Өндірістегі жазатайым жағдайлармен салыстырған жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендердің саны артық. Жыл сайын Қазақстанда 16 жасқа дейінгі 160 бала жол-көлік оқиғаларының кесірінен көз жұмады. Қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін зерттеу жұмыстары қолға алынды. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің заңға бағыну тәртібін қалыптастыру және жолдағы жүріс-тұрыс мәдениетін арттыру қажет. Бүгінгі басқосуда жүргізушілерді даярлау, инфрақұрылымды қалыптастыру мәселесіне кеңінен талқыға салынады, – деп атап өтті ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко.

0U3A9878

Еліміздегі жолдардың 8 пайызы ғана халықаралық талаптарға жауап береді. Қазақстандағы жағдай көңіл көншітпейтінін Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Мелита Вуйнович алға тартты. Кешенді жұмыс жүргізілсе, теріс көрсеткішті құлдилатуға мүмкіндік бар. «Жол-көлік оқиғасына бала кінәлі деген пікір жаңсақ. Оған ересектер жауапты. Балаға тәрбие беріп, жолдағы ережелерге үйрететіндер жауапкершілікті сезінуі тиіс. Жалпы тәуекел факторларының 5-6 адамның әрекетіне және жолдардың жағдайына байланысты», – деп ол мәселенің мәнісіне тоқталды.

Бұл мәселеде Қазақстан Швецияға бой түзейді. Жолдағы ахуалды жақсартқан еуропалық мемлекеттің тәжірибесі кәдеге жаратылмақ. Бұл мақсатта «Жол қозғалысының қауіпсіздігі» ұлттық тұжырымдамасы әзірленді. Бүгінгі дөңгелек үстел барысында оның жобасы таныстырылды. Оған сәйкес елді-мекендердегі жол қиылыстарындағы жылдамдықты шақырымына 50 сағатқа, ал тәуекел аймақтарында шақырымына 30 сағатқа дейін шектеу ұсынылып отыр.

 2020 жылға қарай жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім санын 100 мың тұрғынға шаққанда 6 адамға дейін төмендету – Жол қозғалысы қауіпсіздігінің Ұлттық тұжырымдамасының басты міндеті. Оған сәйкес апаттық жағдайды жасаған және жаяу жүргіншілерге жол бермеген жүргізушілердің әкімшілік жауапкершілігін қүшейту ұсынылады. Жүргізушілерді даярлаудың сапасын арттыру үшін арнайы мектептерде оқыту курстарын қайта жандандыру және оларға жетекшілік етуді Білім және ғылым министрлігіне тапсыру қажет,- деді ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ұлан Байжанов.

0U3A98744

Енді атқамінерлер жолда жүру мәдениетін арттырып, алдын алу шараларын қамшыламақ.

Жиында мектептерде «Жол қозғалысының ережелері» пәнін оқыту, балаларға велосипед жүргізуді және жол ортасына бейімделуді үйрету мәселелері көтерілді. Құзырлы мемлекеттік органдардың жұмысын тиімді үйлестіру үшін Жолдағы қауіпсіздік жөніндегі уәкіл институтын енгізу ұсынылды.

 

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар