Бақытбек Смағұл: Көше сыпырып, ақша таптық

Еліміздің мерейлі белесіне арналған «25 жұлдызды күн» аясындағы мерекелік шаралар легі жалғасын табуда. Бүгін Елбасы кітапханасында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы кеңінен қаузалды. Оның әлеуметтік маңыздылығы жайлы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл әңгіме өрбітті. Тағылымды кездесуде әскери қызметкерлер мен жастар тоғысты. Қоғам қайраткері ашық аспан астындағы тату-тәтті өмірдің құндылығы жайлы әңгіме өрбітті.

0U3A2045

– Елбасының әрбір идеясы қазақстандықтардың жүрегіне ұялауы тиіс. Еліміздің абыройын асқақтатып, туған жерді өркендету жолында жұдырықтай жұмылу қажет. Көкірегіміз әрдайым ояу және жігерлі болу керек. Бүгінгі жастар бейбіт өмірдің, тұрақтылықтың қадірін түсіне білуі тиіс. Мен 18 жасымда Ауған соғысына аттанып, қару асындым. Туған жердің топырағымен қайта қауышуды аңсадым. «Шыда» деген сөзді өзіме серт етіп, өмірге деген құштарлығым арта түсті, – дейді қоғам қайраткері.

Оның бойындағы отансүйгіштік шығармашылықпен өріледі. Бақытбек Смағұл біліп-түйгенін қағазға түсіреді. Оның қаламынан туған бірқатар кітап жарық көрді. Сиясы кеппеген туынды Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлына арналған. «Қаһарман» кітабы отансүйгіштікті, туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптейді.

0U3A2086

– Мұғалімнен тығылып, көшеде аула сыпырып, ақша таптық. Жүк тиеуші қызметі де маған жақсы таныс. Еңбектің еш кетпегенін көрдік. Табыстың кілті еңбексүйгіштікке тіреледі. Бүгінгі мақсат – депутат болу емес. Одан бөлек жас ұрпақпен кездесулерге, оларға қол ұшымды созуға баса мән беремін, – деп атап өтті кездесу барысында Бақытбек Смағұл.

«Адамдық қалыпты сақтаудың өзі – батырлық» деген мәжілісменнің пікірін болашақ елдің сақшысы Нұрасыл Төлеуғали қостайды. Әзірге астаналық жас №74 мектептің 10-шы сыныбында білім алады.

0U3A2080

– 20 жылдан астам ел тыныштығын күзететін ағама бой түзеймін. Мен де қайсар әрі кәсіби әскери қызметкерлердің қатарын толықтырғым келеді. Терең біліммен қатар бойыма намысшылдық пен батылдық ұялауы тиіс екендігін түсінемін. Ауыртпалықты көрген, біліп-түйгені мол адамдардан тәлім-тәрбие аламын, – дейді болашақ әскери қызметкер.

Гүлім Сыздықова ұлттық өнерді әмбеге паш етуді армандайды. Жасөспірім қазақ биінің ерекшелігін шетелдіктерге жеткізуге асық.

0U3A2078

– Ұлттық би арқылы еліміздің мәртебесін арттырғым келеді. Мен туған жерімнің патриотымын. Оны сөзбен емес, іспен дәлелдеймін. Мектеп оқушысы ретінде жақсы білім алып, оны елімнің кәдесіне жаратуды жоспарлаймын, – дейді №76 мектептің оқушысы.

Тағылымды кездесу барысында отансүйгіштік, батырлық жайлы сауалдар қойылды.   

 

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар