«Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталды

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –  Елбасының кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған келелі басқосуды Елбасының кітапханасы және Мемлекет тарихы институты бірлесе ұйымдастырып отыр.

0U3A2362

Екі күндік ғылыми конференцияның басты мақсаты – тәуелсіз Қазақстанның қазіргі жағдайын қарастыру, елдің егемендігін нығайтуда қол жеткен жетістіктерді талдау.

Халықаралық конференцияға  Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер және Голландияның, АҚШ, Ресейдің, Беларусьтің, Қырғызстанның, Өзбекстанның сарапшылары қатысуда.

Келелі басқосу 3 жаңа кітаптың таныстырылымы рәсімінен басталды: А. Қашқымбаева «Ілияс Есенберлин 1915-1983»; К. Ерімбетованың «Қалдырған ізі мәңгілік. Қазақтың тарих ғылымы. Академик Анна Панкратова (ХХ ғасырдың бірінші жартысы)»; Б. Аяған, Ж. Сәбитов, А. Сейпилова «Тәуелсіз Қазақстанның тарихы. 1991-2016».

0U3A2278

Сарапшылар өздерінің баяндамаларында тәуелсіз Қазақстанның тарихын, ұлттық экономиканы жаңғырту нәтижелері мен басымдықтарын, ғылыми-инновациялық саланың жетістіктері мен басымдықтарын, қоғамның тұрақты дамуының басты көзіне айналған мәдени мұра тақырыптарын кеңінен қарастыруда.

«Мемлекет басшымыз салған қазақстандық жолды ғылыми тұрғыда зерделеу, ұлттық тарихи сананы тереңдету және қазақстандық отансүйгіштікті күшейту – конференцияның басты мақсатына айналып отыр. Оған отандық сарапшылар мен ғалымдармен қатар шетелдік ғылыми қауымдастық өкілдері асқан қызығушылық білдірді. Жолданған баяндамаларда бірлік пен келісімнің қазақстандық үлгісі, Елбасының елдің әлеуетін нығайтудағы айрықша рөлі, қарыштаған Қазақстанның әлемдегі биік беделі кеңінен қарастырылған. Бұл Мемлекет басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бірлік пен тұрақтылыққа үндейтін бастамалары мен идеяларын төрткүл дүние ерекше ілтипатпен қабылдайтынын білдіреді», – деп атап өтті конференцияның ашылу салтанатында Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков.

Конференцияның жұмысы барысында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттілікті қалыптастыру мен нығайтудағы рөлі» тақырыбында пленарлық мәжіліс және «Жаһандану ахуалындағы Қазақстан», «Қазақстан дамуының әлеуметтік-мәдени бағыттары: өткені, бүгінгісі, болашағы», «Инновациялық технологиялар: білім, ғылым, тәжірибе» тақырыптарында секциялық отырыстары өтті. Онда тәуелсіздікті және ұлттық бірлікті нығайтудағы қазіргі ғылым мен тәжірибенің маңызды мәселелері кеңінен талқыланды.

0U3A2290

«Тәуелсіз еліміздің басты құндылығы – халқымыздың бірлігі. Мемлекет басшылығының, Елбасының тынымсыз қызметі арқасында ұлтаралық кикілжіңдерге жол берілген жоқ. Бұл келісім мен татулық сақталды және нығайтылды. Алайда қоғамды дамыту үшін жалғыз егеменділік жеткіліксіз. Жаңа мемлекеттік құру жолында нақты идеялардың, жоспарлардың, бағдарламалардың қажеттігі туындады. Елбасы жаңа бастамалардың модераторына айналды. Оның арқасында Қазақстан түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды табысты жүргізіп, мемлекеттік-құқықтық негізді қалады және халықты ортақ мақсатқа жұмылдырды», деп пленарлық мәжіліс барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қайраткері, Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов атап өтті.

0U3A2383

Халықаралық конференцияға әртүрлі елдерде тұратын қандастарымыз да қатысып, өздерінің байыпты пайымдарымен бөлісті. Олардың арасында Нидерланды Корольдігіндегі қазақтар қоғамының өкілі Әбубәкір Зенгин бар. Ол шетте жүрсе де, ана тілімізді және ұлттық құндылықтарымызды дамытуға атсалысуда. «Атамекенге екінші мәрте жолым түсті. 25 жыл ішінде Қазақстан еңсесін тіктеп, жер-жаһанда өзіндік даму жолымен танылды. Қазақстандықтар бірлік пен келісімнің бірегей үлгісін әлемге паш етіп, ұлттық бірегейлік пен мәдениеттің ерекшелігімен тәнті етуде. Амстердамда 60 қазақ отбасы тұрады. Біз ана тілімізде сөйлеп, балаларымыздың бойына қазақтың ұлттық құндылықтарын сіңіреміз. Біз Қазақстан барлық жетістіктерін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық бастамаларын мақтан тұтамыз», – дейді Амстердамнан келген Әбубәкір Зенгин.  

Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ғылыми қауымдастық үшін тиімді сұхбат алаңына айналды. Оның арқасында Қазақстандық жолдың басты бағыттарын талдауға және бағалауға, республиканың көпвекторлы саясатын жүзеге асыруда, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қалыптастыруда, отандық тарихи ғылымды жаңғыртуда мемлекеттің даму басымдықтарын айқындауға жол ашып отыр.

«Қоғамдық адами құндылықтары ғасырлар бойы қалыптасады. Мемлекеттік идеологияның немесе ұлттық идеяның негізін қалыптастыратын аталмыш моральдық қағидаларсыз мемлекеттің дамуын көзге елестету екіталай. Билік зияткерлік қоғам арқылы елдегі жағдайды бағамдап, өткенге ғылыми баға береді, келешектің негізін қалайды. Оның жарқын үлгісін Қазақстан паш етіп отыр», – деп атап өтті конференция барысында Башқұртстан мемлекеттік университеті тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Роза Буканова.

Конференция қатысушылары тарих ғылымын дамытуда тәжірибе алмасу және күш-жігерді біріктіру мақсатындағы кездесулердің маңыздылығы мен қажеттілігін ерекше атап өтіп, конференцияның қарарын қабылдады. Олар қорытынды құжаттағы материалдар жаһандану дәуірінде мемлекеттің дамуына жағымда ықпал ететініне сенімдерін білдірді. 

Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының баяндамалары жинақ түрінде жарық көреді.

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар