Тәуелсіздіктің 25 негізі: Білім

Еліміздің мерейлі белесіне арналған «25 жұлдызды күн» аясындағы мерекелік шаралар легі жалғасын табуда. Бүгін Елбасы кітапханасында еліміздің білім беру саласындағы жетістіктер, рухани орданың ағартушылық бастамалары кеңінен қаузалды. Оның негізінде кейінгі толқынды Елбасының бастамаларымен және идеяларымен таныстыру, жас буынның бойына отансүйгіштікті ұялату діттеліп отыр.

0U3A9934

– Кітапхана жүйелі түрде мәдени, білім беру бағытындағы және қоғамдық маңыздылығы жоғары шараларға бастамашылдық танытады. Ағартушылық бағдарламаларда еліміздің тарихына, Елбасының өмірі мен қызметіне, қазақ мемлекеттілігінің бүгіні мен ертеңіне арналған тақырыптарға басымдық беріледі. Дәрістің мазмұнына көп көңіл бөлінеді. Қолдағы ақпараттық қорды толықтыру жұмыстары тұрақты сипатқа ие. Мәселен, Кітапхананың интерактивті кешені ауқымы кең тарихи мәліметтерді жедел түрде игеруге жол ашады. Мультимедиялық үстелдер «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарының қатысушылары үшін қосымша білімнің таптырмас көмекші құралы, – деп түсіндірді Елбасы Кітапханасы Мәдени-ағартушылық қызметінің басшысы Ерден Ордабек.

Елбасы кітапханасындағы білім беру орталығы 6 интерактивті үстелден тұрады: «Қазақстан патриоты», «Сөз құдіреті», «Еуразия жүрегінде», «Өзгерістер қуаты», «Бастама және әріптестік», «Бейбітшілік және келісім». Оның әрқайсысында Елбасымыздың елімізді дамытуға бағытталған бастамалары мен идеялары жан-жақты көрініс табады. Ұстаздар қауымымен қатар оқушылар үшін тарихты терең ұғынудың таптырмас электрондық көмекшісі дәйекті мәліметтермен қатар бірегей мұрағат құжаттарының әлемін ашады.

– Еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын студенттер Кітапханада өндірістік және диплом алдындағы тәжірибеден өте алады. Біз ұсынған тақырыптар түлектердің диплом жұмыстарында көрініс табады. Жастардың ғылыми жұмыстарында Елбасының еңбектері арқау етіледі. Студенттер құнды ақпаратты біздің кітапхананың қорынан және мұрағатынан алады, – дейді Ерден Ордабек.

0U3A2570

«Кемел Ел» мәдени-білім беру жұмысы және жастарды тәрбиелеу орталығына да жүктелген жауапкершілік жүгі жауапты. Тындырылған шаруалар мен межеленген жоспарлар кезекті отырыста талқыға салынды. Республикалық жастар ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдары, мемлекеттік органдар бірлескен мазмұнды іс-шараларға жаңа серпін бермек.

– Елбасы кітапханасы және біздің ұйым ағартушылық мақсатта күш-жігерді біріктірді. «Көшбасшылар мектебі», «Бірге өмір сүру» іспетті тағылымды шаралар – олардың бір парасы. Білім көкжиегін кеңейтетін, тәрбиелік маңызы жоғары бастамалар мен жобаларға басымдық береміз. Оның арқасында жастардың білмекке деген ұмтылысы мен қызығушылығы арта түскені қуантады. Сондықтан бүгінгі жиында биылғы бірлескен жұмыстарымыздың нәтижесін бағамдап, 2017 жылдың еншісіндегі жоспардың бүге-шігесін кеңінен талқыладық, – деп өзінің пікірімен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер РҚБ төрағасы Динара Сәдуақасова бөлісті.

Тәуелсіздіктің тірегіне айналған білім күніне байланысты Кітапхана меймандарына «Білім» деректі фильмі көрсетілді.

 

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар