Елбасы кітапханасымен РФ Мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин танысты

Елімізге жұмыс сапарымен келген РФ Мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин бастаған делегация өкілдері Елбасы кітапханасына ат басын бұрды. Меймандар рухани орданың тарихымен танысып, экспозицияларды аралады. Олар заманауи интерактивті білім беру кешеніне асқан қызығушылық танытты. Көршілес мемлекеттің өкілдеріне Елбасының жоғары марапаттары ұсынылған 3D голограмма, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметінен сыр шертетін анимациялық электронды альбом паш етілді.

0U3A3488

Елбасы кітапханасының экскурсоводтары ресейлік делегацияға «Президентке тарту етілген сыйлықтар» және «Президенттік» экспозицияларымен жан-жақты таныстырды.

Құрметті меймандар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі белесіне арналған «Әлем қадірлеген Елбасы» көрмесіне асқан қызығушылық танытты. Онда көпшілік назарына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген шет мемлекеттердің  жоғары наградалары ұсынылған. Коллекцияда Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Ватикан, Франция, Ауғанстан, Қытай және басқа да елдерден берілген 41 награда қойылған.

0U3A3659

Еліміздің тарихи куәгеріне айналған аса құнды жәдігерлер мен түпнұсқалық құжаттар да назардан сырт қалмады. РФ Мемлекеттік думасының өкілдері 100-ден мұрағат материалдары ұсынылған «Елбасы жолы», «Тәуелсіз Қазақстан – тұғырлы ел» көрмелерін тамашалады.

Мекеменің басты рухани қазынасы да меймандарға паш етілді. Елбасының жеке кітапханасы – Мемлекет басшысы парақтаған және жинаған сирек кездесетін жинақтармен аса құнды.  Онда отандық қаламгерлермен қатар шетел әдебиеті өкілдерінің туындылары бар. Кітаптардың қоры жаңа туындылармен толықты. Ресейлік меймандар «Отандық қоғамдық ой-пікір кітапханасы» сериясымен жарық көрген 117 кітапты сыйға тартты. Онда ежелден бері ХХ ғасырға дейінгі тарих баяндалады.  

0U3A3641

 Барлық азаматтарды Ресей Федерациясы федералды жиналысы мемлекеттiк Думасының атынан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің күнімен құттықтаймын. Қазақстанның мықты және тәуелсіз мемлекетке айналуы Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің есімімен тығыз байланысты. Оның Қазақстан және Ресей Федерациясы арасындағы достық қарым-қатынасқа және стратегиялық әріптестікке үлесі ұшан-теңіз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы елдің өміріндегі басты оқиғалар туралы тарихты сақтайтын беделді институт саналуы заңды, – деп атап өтті РФ Мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин.

Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков ресейлік делегация өкілдеріне «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян», «Жылдар мен ойлар» кітабын сыйлады.  

0U3A3678

Елбасы кітапханасымен танысқан ресейлік делегация өкілдері рухани орданың жұмысына жоғары баға берді.

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар