Тәуелсіздіктің 25 негізі: «Мәңгілік елдің» мәңгілік құндылықтары

Еліміздің мерейлі белесіне арналған «25 жұлдызды күн» аясындағы тағылымды және мазмұнды мерекелік шаралар түйінделді. Оның тоқтамын  Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Асқар Алтай салиқалы ойымен, салмақты пікірімен алға тартты. Еліміздің шежіресін зерделеп, мұрағаттарды ақтарған дарынды қаламгердің қаламынан терең тарихи шығармалар туған.

0U3A4114

– «Мәңгілік ел» деген сөздің түп тамыры тереңде. 1500-1600 жыл бұрын тасқа қашалып, Білге қағанның асыл арманына айналған. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алпамыс батыр» эпостық жырларының астарында да мәңгілік елге деген ұмтылыс байқалады. Бүгінде ата-бабаларымыздың аңсағаны өмірге жолдама алғанына барлығымыз куәміз. Елбасымыз «Мәңгілік елдің» құндылығын қайта жаңғыртып, оны ұлттық идеяға айналдырды. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы ауыртпалықта төзімділік танытып, бұл еліміздің жеңісі мен өрлеуіне айналды. Енді жеткен табыстарды сақтау және оларды еселеу – сіздерге жүктеледі. Сіздер тәуелсіздіктің игілігін сезінген бақытты ұрпақсыздар, – деп жазушы Асқар Алтай жастарға қарата айтты.

Қаламгердің «Қыр мен қала хикаялары», «Алтай новелласы», «Қызыл бөлтірік» төлтуындылары туған жерге деген риясыз сүйіспеншілікке толы. Оның рухани құндылықтарды дәріптеуге, әлемдік өнерді дамытуға қосқан үлесі халықаралық деңгейде бағаланды. Қазақ қаламгері Халықаралық Франц Кафка медалінің иегері атанды.

0U3A4102

– Жазу өнері кездейсоқ дарымайды. Балалық шағымда қаламгер атануды еш армандамайтын едім. 6 сыныпта оқып жүрген кезде қыздарға өлең шығара бастадым. Әдебиет өнеріндегі тырнақалды туындыларым мені жазушылыққа жетеледі, – деп атап өтті белгілі жазушы.

Елбасы кітапханасы мұрындық болған сырлы кездесуге кейінгі толқын өкілдері қатысты.  Қатарластарымен бірге Мағжан Алтай да тағылымды әңгімені ұйып тыңдады. Жасөспірім жарқын болашаққа бастайтын «Мәңгілік елді» өркендетуге үлес қоспақ.

– Елбасымыз «Мәңгілік елді» бірге құру қажеттігін баса айтты. Жауапкершілік жүгі жастарға да артылады. Мен келешекте еліміздің мерейін шетелде асыратын білікті елші болғым келеді. Әзірге 4 тілді білемін. Бірақ мұнымен шектелмеймін. Өзімді дамыту арқылы туған жеріме пайдамды тигіземін, – дейді 77 мектеп-гимназияның 7 «а» сынып оқушысы.

0U3A4135

 

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар