Жастар туған жерге сүйіспеншілікті өлеңмен өрнектеді

Елбасы кітапханасындағы «Ұлы елдің ұланымыз – Мәңгілік ел қыранымыз» әдеби сағаты поэзия әлеміне қадам басқан жастарды тоғыстырды. Патриоттық сарындағы туындылармен оқушылар мен студенттер тәнті етті. 30-ға жуық бала қазақ әдебиетінің асыл мұрасына айналған шығармаларды және өздерінің қаламынан туған өлеңдерді мәнерлеп оқуға ниет білдірген. Әдебиеттен сусындаған жас дарындардың ең кенжесі Мәдияр Дүйсен 7 жаста. Талабы таудай баланың 20-ға жуық тырнақалды туындысы бар. Олардың бір парасы азаттықтың құндылығын әспеттейді.

– Мен бүгін «Бостандық» деп аталатын өлеңімді оқыдым. 5 шумақты туған жеріме арнадым. Тәуелсіздіктің маңыздылығын жеткізуге тырыстым. Мұқағали Мақатаевтың, Жамбыл Жабаевтың өлеңдерін сүйіп оқимын, – деп өзінің ойымен 7 жасар Мәдияр бөлісті.

1X7A0394

– Ұлым 3 жасында Мағжанның «Мен жастарға сенемін» өлеңін жаттап алды. Кейін бойынан өлең шығару қабілеті байқала бастады. Әзірге жазу-сызуға шапшаң болмағандықтан, мен оларды қағазға түртіп аламын.  Өткен жылы Мәдияр Жамбылдың 170 жылдығына өлең шығарды. Талай байқауларға қатысып, олжалы атануда, – дейді жас дарынның анасы Мәлика Бөкенбаева.

Ал Жомарт Қаршығаев 11 жастан бері ойын өлеңмен өрнектейді. Әзірге оның ақындық қоржынында 20-дан астам төлтуынды бар.

– Бүгінгі әдеби шарада өзім шығарған 5 өлеңімді көпшіліктің назарына ұсындым: «Көк ту»,  «Елбасыма», «Тәуелсіздігім», «Қазақ тілі», «Қазақ». Олардың әрқайсысында отансүйгіштік, ұлтжандылық, адамгершілік сезімдері тұнған. Көңіл-күйге байланысты шабытым оянып, қолыма қалам аламын. Өлеңдерімнің дені туған жерді арқау етеді, – деп өзінің шығармашылығы жайлы Астана университетінің 1 курс студенті Жомарт Қаршығаев әңгімеледі.

1X7A0390

«Ұлы елдің ұланымыз – Мәңгілік ел қыранымыз» әдеби сағатын «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы және Елбасы кітапханасы бірлесе ұйымдастырды.

– Тағылымды шара аясында жастардың ақындыққа деген қызығушылығын ояту, бойларына отансүйгіштікті дарытуға, тәуелсіздіктің құндылығын түсіндіру көзделген. Жастар жалынды өлеңдерін оқып, өздерінің туған жерге деген сезімдерін білдіруге тырысты. Олар қоғамның дамуына өзіндік үлес қосуда, – деп шараның маңыздылығына Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев тоқталды.

0U3A4281

Өнерлерімен тамсандырған жастардың талабын қаламы қарымды ақындар бағалады. Олар шығармашылыққа бет бұрған өрендерге өздерінің құнды ақыл-кеңестерін берді.

0U3A4286

– Бүгінде жас буынның әдебиетке деген ынтасы зор. Оны осы іспетті шаралар арқылы аңғаруға болады. Бойларыңыздағы қарым-қабілет дамып, ойларыңыз ұшқыр, қаламдарыңыз қарымды болсын. Менің ақындыққа деген құштарлығым мектеп қабырғасынан оянды, – деп атап өтті «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Олжас Қасым.

0U3A4291

– Сөз – ұлы қасиет. Әдебиет – халықтың жаны. Сіздерге әдебиеттегі сұңғыла сөздерді жазып жүрген ағаларымыздың жолын берсін, – деп өзінің тілегін білдірді халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты,
«Серпер» жастар сыйлығының иегері
Саян Есжан.

Белгілі ақындардың шығармаларын және өздерінің тырнақалды туындыларын оқыған жастардың өнері бей-жай қалдырмады. Әдеби сағатқа қатысушылар Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабековтің атынан алғыс хаттармен марапаттады. Жас дарындардың әрқайсысына басты  рухани азық кітап сыйға тартылды.

0U3A4340

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар