Құқықтанушы ғалымдар арасындағы халықаралық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

«Жоғары оқу орындарына арналған құқық қорғау саласындағы үздік басылым» І халықаралық байқауы қорытындыланды. Шығармашылық бәйгені ҚР Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясы және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының  кітапханасы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Байқаудың басты мақсаты – құқық қорғау саласындағы отандық және шетелдік зерттеулері мен ғылыми еңбектеріне қызығушылықты ояту, мәдени және ғылыми байланыстарды нығайту.

0U3A4699

«Халықаралық байқау Қазақстан Тәуелсіздігінің және прокуратура органдарының құрылғанына 25 жыл толуына орай қолға алынды. Шығармашылық бәйгеде отандық ғалымдармен қатар Армения, Беларусь,  Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей мемлекеттерінің өкілдері бақ сынады. Жарты жыл ішінде байқауға жолданған 300-ге жуық оқулық және ғылыми басылымдар бағамдалды. Оларды ғалымдардан, халық қалаулыларынан және қоғамдық қайраткерлерден құралған қазылар алқасы бағалады. Нәтижесінде 11 аталым бойынша жеңімпаздар анықталып отыр», – деп атап өтті салтанатты жиынды ашқан ҚР Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ұлан Байжанов.

Байқау соны ізденістер мен зерттеулерге жол ашты. «Бүгінгі құқық қорғау саласындағы ғылыми еңбектер байқауы Елбасы кітапханасында өтуінде заңдылық бар. Білім көкжиегін кеңейтіп, тың зерттеулерге бет бұру саланы жетілдіруге қолғабыс етеді. Мен АҚШ-та оқыған кезде құқық қорғау органдарының қызметкерлері 6 ай ішінде оқылатын кітаптардың тізімі жасақталатынын алға тартты. Себебі әлем жедел өзгереді. Бүгінгі байқаудың арқасында кәсіби әдебиеттердің саны артып, жаңа зерттеулерге серпін берілмек», – деп атап өтті Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов.

0U3A4744

Халықаралық байқаудың тоқтамына сәйкес Қазақ мемлекеттік заң университетінің зерттеушілер тобы дайындаған ғылыми-тәжірибелік оқу құрал «Мемлекеттің жемқорлыққа қарсы күрес қызметі бойынша үздік басылым» атанды.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының зерттеушілері «Құқық қорғау органдарының өзара әрекет етуі саласындағы үздік басылым» аталымында жеңіске жетті.

Ш. Қабылбаев атындағы ІІМ Қостанай академиясы ұжымының кітабы –  «Пенитенциарлық саладағы үздік басылым». 

Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры Қайрат Осмоналиевтің оқулығы «Қылмыстық саясат саласындағы үздік басылым» танылды.

0U3A4761

Тәжікстан Республикасы Ішкі істер министрлігі зерттеушілерінің монографиясы «Қылмыстық процесс, криминалистика және жедел іздестіру теориясы мәселелеріне арналған үздік басылым» аталымына лайықталса, Ресей Федерациясы Иванов облысы Төрелік соты өкілдерінің оқу құралы «Әкімшілік құқық бұзушылықтарға қарсы күрес саласындағы үздік басылым» атанды.

«Құқық бұзушылықтарды болжау және олардың алдын алу саласындағы үздік басылым», «Прокурорлық қадағалау мен заңдылықты сақтау саласындағы үздік басылым» аталымдары Ресей Федерациясы Бас прокуратурасы Академиясы ғалымдарының оқулықтарына бұйырды.

Қылмыстардың жеке түрлеріне қарсы күрес бойынша Ресейдегі И.Н. Ульянов атындағы Чуваш мемлекеттік университеті өкілдерінің монографиясы үздік танылды.

«Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы үздік басылым» және «Нашақорлық пен есірткі бизнесін жою бойынша үздік басылым» аталымдары бойынша Ресей ІІМ Қазан заң университетінің оқытушылары оқу құралы аталды.

0U3A4786

Сонымен қатар Республикалық ғылыми-әдістемелік кеңеске мүше жоғарғы оқу орындары арасындағы «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша жыл сайынғы байқаудың қорытындылары жарияланды. Бұл байқау профессорлық-оқытушылық құрамды ынталандыру, ғылыми-әдістемелік оқыту жүйесін жетілдіру мақсатында қолға алынған. ҚР ІІМ Қостанай академиясының доценті Гүлзия Ескатованың қаламынан туған туынды «Үздік оқулық» атанды. ҚР ІІМ Алматы академиясының профессоры Тамара Қоржымбаева «Үздік монография» аталымын жеңіп алды. ҚР Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясының доценті Светлана Исаева «Үздік доцент» атанса, ҚР ІІМ Алматы академиясы кафедрасының басшысы Ержан Бимолданов «Үздік оқытушы» аталымын иеленді. «Үздік жас ғалым» аталымы ҚР ІІМ Алматы академиясының докторанты Асхат Бекішевке бұйырды.

Барлық жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар, Елбасы кітапханасы атынан құнды жинақтар табысталды.

 

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар