«Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» кітабының таныстырылымы өтті

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында журналист, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Қанат Әуесбайдың қаламынан туған «Looking west». A kazakh’s view of Great Britain» – «Батыс көрген». Ұлыбритания қазақтың көзімен» кітабының таныстырылымы өтті.

0U3A4813

Тың туынды қазақ және ағылшын тілдерінде Лондонда 1 мың данамен жарық көрген. Оның тең жартысы британ аралдарында саудаланса, қалған бөлігі еліміздің оқырмандары үшін қолжетімді болмақ.

«2 жыл бұрын «Болашақпен» оқыған кезде Шығыс Англия университетінің кітапханасынан бірде-бір қазақстандық автордың кітабын таппай әлектендім. Сол кезден бері қаламгерлікке бет бұру ойыма оралды. Кітапты жазуға бір жылға жуық уақыт жұмсалды. Еңбегім – Британиядағы өмірді асыра мақтау, утопия немесе туристтік анықтама емес. Мен «онда барлығы жақсы, бізде барлығы жаман» деген «турист синдромын» барынша аттап өтуге тырыстым. Керісінше, кітап жазу барысында тек бір ғана мақсатым болды – Британияның өмір қағидаларын төмендетпей, Қазақстанның абыройын көтеру. Кітапта британ қоғамының жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуге үндедім. Ал шетелдіктердің елімізге қызығушылығын оятуға тырыстым. Егер британиялықтар кітап арқылы Қазақстан жайлы көбірек білуге ұмтылса, журналист ретінде міндетімді орындадым деуге болады. Туындыны ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын» – деп өзінің алғашқы төлтуындысы жайлы «Болашақпен» оқыған тұңғыш журналист Қанат Әуесбай баяндады.

0U3A4802

Кітаптың тұсаукесері биылғы 15 желтоқсанда Кэмбридж Университетінде ұйымдастырылған. Автор алғашқы туындысында ағылшын қоғамының әр саласынан біліп-түйгенін публицистикалық көзқараспен жеткізуге тырысқан. 10 тараудан тұратын кітапта Ұлыбритания тұрғындарының  тұрмыс-тіршілігі, өмірлік құндылықтары мен қағидалары, жаһандану кезінде ағылшын тілін білудің маңызы білім беру мен жастар саясатының, БАҚ саласының  ахуалы арқау етіліп, еліміздегі жағдаймен жан-жақты салыстырылады.

«Мен қазақстандық автордың шетелдік көзқараспен британдықтарды және өмір сүру әдептерін түсіндіруге деген батыл қадамын жоғары бағалаймын. Сіз бен біз туралы кітапты оқу тек британдық қана емес, қазақстандық оқырманға да қызық болады деп үміттенемін», – деп тың кітаптың маңыздылығына профессор, St Edmund’s and Homerton Colleges Cambridge даңқты мүшесі Дэвид Бриджес тоқталған.

0U3A4851-2

Оқырман қауым сиясы кеппеген кітапты біздің рухани ордамызда парақтай алады. Қанат Әуесбай өзінің төлтуындысын Елбасы кітапханасына сыйға тартты. Қазақстан жайлы сыр шертетін басылымның маңыздылығына Кітапхана директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев тоқталды.

– Кітапты «Болашақтың» түлегі шығарып, британиялықтардың елімізге қызығушылығы артпақ. Биыл Елбасы кітапханасы және «Болашақ» қауымдастығы бірлескен сырлы сұхбаттарға мұрындық болды. «Мәңгілік мұра» аясында Саясат Нұрбекпен, Сара Тоқтамысовамен, Серікзат Дүйсенғазымен және тағы басқаларымен 6 тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Рухани ордамыз Елбасының бастамасымен қолға алынған бағдарламаны жастар арасында дәріптеуге үлес қосуда, – деп атап өтті ол.

Бүгінгі таңда 12 мыңнан астам қазақстандық Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері атанған.

0U3A4869

 

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар