Астана қ., Республика даңғылы, 2
Ақпараттық-имидждік жұмыс қызметі
Тел.: +7 (7172) 57 23 35, 57 23 37
Е-mail: nazarbayevcenter@gmail.com

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

«Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегерлері – Назарбаев Орталығында

«Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегерлері – Назарбаев Орталығында

6 қараша күні Назарбаев Орталығында «Мемлекеттік тілді меңгертудегі озық әдістемелер» тақырыбында семинар өтті. Семинар аясында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» кітап көрмесі ұсынылды.

Көрмені Назарбаев Орталығы кітапхана-мұрағаттық қызметінің анықтама-библиографиялық жұмысы бөлімінің басшысы Айдынгүл Көшкінова ашты. Сонымен қатар, көрменің ашылу барысында «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің салтанатты табысталуына келген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ сөз алып: «Елбасы Н.Ә.Назарбаев елеп, басымдық танытты, соның нәтижесінде тіліміз біртіндеп дамып келеді. «Қазақ тілінің дамуы – қазақ тілінде» деген қанатты сөзде үлкен мағына жатыр. Расында да тілдің дамуына, алдымен, қазақ халқының өзі үлес қосып, қазақ тілін өзіміз қадірлемесек, өзіміз қолданбасақ, мемлекеттік тілді біз үшін біреу сырттан келіп жасап бермейді. Әрбір қазақ баласы соны ерекше сезіну керек. Тіл – отбасынан басталады. Тіліміздің дамуына ұйытқы болып, Елбасы баса мән беріп отырғанда, 2020 жылы 95 пайыз қазақ тілінде сөйлеміз деп отырмыз. Бұл – үлкен жауапкершілік, үлкен міндет. Осы міндетке жету үшін тіл саласының мамандары аянбай еңбек етуі керек» – деді.

Келесі сөз алған «Оқушылар сарайы» МКҚК-ның директоры Ұмсын Арқабаева да «тіл – отбасыдан басталады» деген ойды қостады: «Бұны отбасымыздан бастауымыз керек, балаларымызды қазақ бала бақшаларына, қазақ мектебіне беретін болсақ, қазақ тілі мәртебесінің өсетініне, көтерілетініне сенімді болатынымыз рас. Ал осындай іс-шаралар әрдайым бола берсін. Бұл ынталандыру шараларының бірі, өйткені «Тіл жанашыры» номинациясында, тілге шын жаны ашып, шын көңіл бөліп жатқан кісілердің еңбектері бағаланады деп ойлаймын. Мен өзім ұстаз болып 10 жыл мектепте сабақ бердім, оның ішінде орыс мектептері де, қазақ мектептері де болды. Сондағы менің байқағаным, көптеген қазақтар балаларын орыс мектептеріне береді, қазір қарасаңыздар, 60 лицейіміз бар, басқа да лицейлер бар. Онда 90 пайыз қазақ балалары отыр, қалай жүрегің ауырмайды, ауырады. Өйткені, әке-шешесінің сана-сезімі жетіліп, баласын қазақ мектептеріне бере алмай отыр. Өйткені өздері сөзге шорқақ, содан қорқады. Қорқатын ештеңе жоқ, құдайға шүкір, қазір ақпарат жеткілікті, кітаптарымыз жеткілікті, электронды оқулық десеңіз, ол да бар, тілді үйренуге мүмкіндік зор. Сондықтан, ортамыз қазақшаланған болса, ортамызда қазақша сөйлейтін болсақ, біз ертең тіліміздің деңгейін бұдан да биікке көтере аламыз».

Көрмеден соң, Назарбаев Орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бибеков Қаныш Тілеужанұлы «Мемлекеттік тілді меңгертудегі озық әдістемелер»атты семинар жүргізді.Семинарда биология ғылымының кандидаты, кәсіпкер, «Ситуативный казахский» кітабының авторы Қанат Ғалымұлы Тасыбеков баяндама жасады. Ол өзінің «Ситуативный казахский» кітабын жазуға не себеп болғанына тоқталды. Қанат Ғалымұлы қазақ тілін үйренушілерге арналған кітаптардың басты кемшілігі ретінде олардағы мысалдардың, диалогтердің өмірден алынбай, ойдан шығарылған ахуалға құрылуында деп көрсетті: «Мәтіндер мен диалогтар күнделікті өмірден алынса, тиімді болар еді». Мектеп мұғалімдері де Қ.Тасыбековтың пікіріне қосылып, көкейде жүрген сауалдарын қойды.

Семинар барысында, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Шынар Қапантайқызы Құрманбаева «Қазақ тілін ахуалдық оқыту әдістемесі» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым тілді қарым-қатынас барысында үйретудің ұтымдылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ Шынар Құрманбаева семинар қатысушылары арасында тренинг өткізді. Мұғалімдер тренингтің өздері үшін пайдалы болғандығын айтып, ұсынылған әдістемені өз сабақтарында қолдану мүмкіндіктері жайлы ой бөлісті.

«Тіл жанашыры» құрмет белгісін табыстау қарсаңында Назарбаев Орталығының дайындаған шаралары 16:30-да «Тіл – мемлекеттің негізі» атты дөңгелек үстелмен жалғасады. Шараның мақсаты Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселесіндегі жалпы қоғамдық сананы және биік деңгейдегі тіл мәдениетін қалыптастыру болмақ.Дөңгелек үстелдің модераторы – «Назарбаев Орталығы» ММ-нің Мемлекеттілік, қауіпсіздік мәселесі және даму институтының бастығы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ерлан ЕрназарұлыСайлаубай.

Айта кетейік,«Тіл жанашыры» құрмет белгісі Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, мәртебесін арттыруға нақты ісімен үлес қосқан азаматтарға табысталады. Марапаттауды өткізуге бастама көтерген әрі ұйымдастыруды қолға алған Назарбаев Орталығы, «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігі және «Тіл» республикалық ақпараттық-сараптамалық журналы.

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар