Қазақстандағы президенттік институт: қалыптасу ерекшеліктері мен алдағы перспективалары

Қазақстан мемлекеттік құрылыстың ұзақ та жеткілікті деңгейде қиын жолынан өтті. Бұл жерде егемен Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу үдерістері республиканың КСР Одағы құрамында болған кезеңінде басталғанын атап өткен орынды. 1985-1991 жылдары Михаил Горбачев бастаған Одақ басшылығы жүргізген қайта құру саясаты айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге алып келсе, оның ақыры сол кезде өмір сүрген партиялық-мемлекеттік жүйенің бұзылуына, ал кейін КСРО-ның ыдырауына соқтырды.

Қалыптасқан осы үдерістер орталық деңгейде және одақтас республикаларда мемлекеттік биліктің жаңа институттарын құру қажеттігін туындатты. 1990 жылғы 14 наурызда Халық депутаттарының съезі елімізде Кеңес Одағы Коммунистік партиясының (КОКП) ғана билік жүргізетінін бекіткен КСРО Конституциясының 6-бабының күшін жойды. Осымен бір мезгілде КСРО Президентінің лауазымы енгізілсе, кейін бұл орынға М.С.Горбачев сайланды.

Егер аталған шара одақтық деңгейде айтарлықтай шат­қаяқтап қалған орталық билікті күшейтіп, мемлекетті сақтауды көздесе, 1990 жылдың 24 сә­уірінде тағайындалған Қазақ КСР Президентінің лауазымы мен 12-шақырылған Жоғарғы Кеңестің Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлауы республиканың мемлекеттік егемендігіне қол жеткізуі жолындағы алғашқы маңызды қадам болды. Осыған қатысты атап көрсететін жайт, мемлекетіміздің жаңадан сай­ланған басшысының «…ұлттық мемлекеттілікті, Қазақ КСР-інің саяси егемендігін нығайту, оны кеңестік социалистік федерация шеңберінде жаңа, нақты мазмұнмен толықтыру, яғни КСР Одағы мен республикалардың өкілеттіліктерін нақтырақ көрсету бойынша шаралар қабылдау президенттік биліктің ерекше қамқорлығындағы мәселе болады», деген сөзі көп жайды аңғартады.

Қазақ КСР Президенті өзінің мәртебесіне сәйкес, республика шеңберінде азаматтардың құқы мен бостандығы сақталуының кепілі ретінде танылып, Қазақ­станнан Одақ ішінде және ха­лық­аралық қатынастарда өкі­леттілік етті, Қазақстанның бү­кіл аумағында міндетті кү­ші бар жарлықтар шығарып, азаматтық қабылдау және басқа да мәселелерді шешу бойынша міндеттер атқарды. Оның бір мезгілде кез келген деңгейдегі Кеңестің халық депутаты болып сайлана алмайтыны билікті бөлісу институтын дамыту үдерісінде аса үлкен маңыз иеленді.

Сонымен қатар, сол уақытта Президенттің билігі бір жағынан одақтық құрылымдармен, екінші жағынан республиканың Жоғарғы Кеңесімен едәуір шектеулі болатын. Атап айтқанда, одақтық Министрлер кеңесі Қазақ КСР-інің мүддесіне қайшы келетін қаулылар мен өкімдер қабылдаған жағдайда, ол КСРО Президентіне тиісті актілердің іс-әрекетін тоқтату туралы өтінішпен шығуға мәжбүр болатын. Жоғарғы Кеңес­ке қатысты айтатын болсақ, Пре­зидент оның бекітуіне Министр­лер Кеңесі, Жоғарғы Сот және Халықтық бақылау комитеті төрағаларының кандидатураларын ұсынатын, Үкіметтің отставкасы туралы, тағы басқа ма­ңызды мәселелер қоятын. Оның үстіне, сол кезеңде біртұтас атқару вертикалі болған жоқ, өйткені, барлық билікті жергілікті жерлерде Халық депутаттарының кеңесі мен ол қалыптастыратын және оған есеп беретін атқарушы комитеттер жүзеге асыратын.

Осындай жағдайларда Нұрсұлтан Назарбаев пен оның командасының алдында республиканы әрі қарай дамыту мен оның одақтық орталықпен өзара іс-қимылын сапалық тұрғыдан жаңа пішімде қалыптастыруына негізделген бірқатар маңызды міндеттер тұрды. Әлі кеңестік қоғам болып тұрған сол шақта өмірдің іс жүзінде барлық саласында дағдарысты үдерістер белең алып, осыған орай тұрақтылықты қамтамасыз ету ерекше маңызды еді. Өз кезегінде, осының барлығы жинақтала келіп, республиканың бүкіл мемлекеттік билік жүйесін, сондай-ақ, оның шеңберінде Президенттің шептерін күшейту қажеттігін туындатты.

1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануы айтулы оқиға болды. Осы құжаттың негізінде республика өзін саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық-мәдени құрылыспен, әкімшілік-аумақтық құрылыммен, мемлекеттік би­ліктің құрылымдары мен өкілетті органдарын айқын­даумен және өзінің рәміздерін басқарумен байланысты барлық мәселені өз бетінше шешу құқына ие егеменді мемлекет деп жария­лады. Декларация, сондай-ақ, мемлекеттік билікті заң шы­ғарушы, атқарушы және сот билігі қағидаттары бойынша бөлуді бекітіп берді. Оның үстіне, Президент өзіне жоғары өкім етуші-атқарушы билік өкілеттілігін алып, бұл оның мәртебесін едәуір кеңейтті.

Сол жылдың 20 қарашасында «Мемлекеттік билік құры­лым­дарын жетілдіру мен Қазақ КСР-індегі басқару және Қазақ КСР-інің Конституциясына (Негізгі Заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Аталған заңға сәйкес Президенттің ұсы­нысы бойынша Жоғарғы Кеңес сайлайтын республиканың Ви­це-президенті лауазымы та­ғайындалып, Министрлер Кеңесі Премьер-Министр бас­қаратын Министрлер Кабинеті болып қайта құрылды, Президент пен Министрлер Кабинетінің аппараттары біртұтас президенттік аппаратқа біріктірілді. Бұл жерде, Республика басшысы Министрлер Кабинетінің қызметіне де жетек­шілік еткенін айта кеткен жөн. Министрлер Кабинеті өз өкі­леттілігі шең­берінде облыстық атқару ко­митеттері мен Алматы қалалық Кеңесінің шешімдері мен өкімдерінің күшін жою құқын алды. Осылайша бірте-бірте биліктің атқарушы вертикалі сап түзеді.

1991 жылғы белгілі оқиғалар Қазақстанның мемлекеттік тә­уел­сіздігіне қарай қадамын нықтай түсті. Атап айтқанда, сол жылдың тамыз-қазан айларында Қазақстан Компартиясын тарату, одақтық маңыздағы кәсіпорындар мен ұйымдарды Қазақстанның қарауына көшіру, республиканың алтын қоры мен алмас қорын құру жүзеге асырылды. Республика Президенті 6 жыл мерзімге сайланғанын да атап өту керек. Алайда, жедел өзгерістер жағдайында ол қазақстандықтардың се­нім деңгейін арттыру және олардың өзі жүргізетін саяси бағытты қолдауына қол жеткізу мақсатында бүкілхалықтық сайлау өткізу туралы шешім қа­былдады. 1991 жылдың 1 жел­тоқсанында өткен алғашқы тікелей президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевқа 868 176 сайлаушы немесе дауыс беруге қатысқан барлық сайлаушының 98,78%-ы өз дауыстарын берді.

1992-1993 жылдары Қа­зақ­­­станның мемлекеттік құ­рылысы түбегейлі саяси және экономикалық жаңғыртулармен қатарласа жүрді. Қоғам мен мемлекетте демократия, құқықтық мемлекет және нарықтық эко­но­мика құруға бет бұрған қарым-қатынастар ресми сая­си бағыт деп жарияланды. Қазақстан Президенті аталған бағыттың негізгі сәттерін өзінің «Қазақстанның егеменді мемлекет ретіндегі қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» (1992 жылғы мамыр) деп аталатын туын­дысында белгілеп берді.

Мұнда негізгі мақсаттардың ішінде жас егемен мемлекетті күшті президенттік республика қалыптастырып, өтпелі кезеңде экономикалық реформаларды табысты жүргізуге бағыттаудың қажетті шарты ретінде тұрақ­тылықты қамтамасыз ету ерек­шеленіп тұрды. Негізгі екпін Мемлекет басшысының қолында тиімді басқарушылықты жүзеге асыру үшін қажетті барлық құ­рал­дары бар президенттік басқаруды қамтамасыз етуге түсірілді. Президент, сондай-ақ, назарды билікті бөлісу жүйесін жетілдіру, өкілеттіктерді нақты шектеу қағидаттарына сүйене отырып, олардың өзара іс-қимылын тиімдірек ұйымдастыру мен жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың жүйесін жетілдіру қажеттігіне аударды.

Мемлекеттік құрылыс шең­берінде алғашқы айтарлықтай қадамдардың бірі 1992 жылдың 13 қаңтарында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін өзі басқару және жергілікті Халық депутаттарының кеңесі туралы» Заңға өзгерістер енгізу болды. Солардың негізінде жергілікті Халық депутаттары кеңестері атқару комитеттерінің орнына атқарушы биліктің жаңа институты – жергілікті әкім­шілік басшыларының институты тағайындалды. Осылайша Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағы­ныс­­тағы атқарушы билік орган­дары­ның вертикальді жүйесі құрылды.

Содан кейін, яғни 7 ақпанда Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің «Экономикалық реформалар жағдайында Қа­зақстан Республикасының мем­­­­лекеттік басқару орган­дарының қызметтерін ұйым­дастыруды жетілдіру туралы» Жарлығы шықты. Соған сәйкес Министрлер Кабинетінің құрылымы айқындалып, оған 22 министрлік, 8 мемлекеттік комитет пен түрлі мәртебеге ие өзге де 10 ведомство (Кеден комитеті, Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссия және т.б.) енді. Оның үстіне, Министрлер Кабинетіне жергілікті әкімшілік басшыларының қызметіне жедел басшылық жасау бойынша міндеттер жүктелді.

Еліміз өміріндегі бұдан да маңызды оқиға деп 1993 жылдың 28 қаңтарында Жоғарғы Кеңестің Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясын қабыл­дағанын айтуға болады. Ол, атап айтқанда, мемлекеттік биліктің жоғары органдарының жүйесі мен олардың бір-бірімен өзара ықпалдастығының тәртібін орнық­тырды. Сонымен бір мезгілде, жоғары мемлекеттік органдардың иерархиясында үстем орынды іс жүзінде республикадағы жалқы заң шығарушы және өкілетті орган болып табылатын Жоғарғы Кеңес иеленді. Президент сол Негізгі Заң шеңберінде атқарушы биліктің біртұтас жүйесіне басшылық жасауға көшті. Өз билігінің бел­­гілі бір конституциялық шек­теулеріне қарамастан, оның қо­лында өзінің мемлекеттің толыққанды басшысы ретінде іс-қимыл танытуына мүмкіндік беретін мәртебе мен өкілеттілік болды. Мәселен, Президент ел Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы деп жарияланды, министрліктер мен мемлекеттік комитеттерді және басқа да ведомстволарды өз бетінше құрып, тарата алды, Қазақстан тарапынан халықаралық қатынастарда өкілеттілік етті, Қазақстан хал­қына Жолдаумен шығу құқын иел­­енді.

Қазақстандағы 1993-1995 жыл­дардағы саяси жағдайдың түрліше даму үдерістері мем­лекеттік биліктің қос тармағы – заң шығарушы және атқарушы тармақтарының арасындағы қарама-қайшылықтардың бірте-бірте өрістеуіне алып келді. Олардың әрқайсысы елде үстем жағдайға ие болуға тырысып бақты. Оның үстіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу тәсілдері мен қарқынына қатысты айтар­лықтай пікір қайшылығы көрініс берді. Осы сындарлы жағдайды еңсеру үшін 1993 жылдың қазан-желтоқсан айларында барлық деңгейдегі кеңестердің өзін өзі таратуы және 1995 жылдың наурызында республиканың Конституциялық соты заңсыз деп таныған Қазақ­стан Республикасының 13-ші шақырылымдағы Жоғарғы Ке­ңесін тарату жүзеге асырылды.

1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануы мемлекеттің институттық жүйе­сін түбегейлі өзгертті. Атап айт­қанда, жаңа институттар – екі палаталы Парламент, Конс­титуциялық Кеңес, Жоғары Сот Кеңесі енгізілді және, кері­сінше, Вице-президенттің лауазымы қысқартылды. Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесі мен өкілеттілігі айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Ол тек мемлекеттегі үстем тұлға ғана болып қоймай, сондай-ақ, биліктің барлық тармағының үстінен қарайтыны мойындалды. Конституция, сонымен қатар, Мемлекет басшысына биліктің басқа барлық институттарына өзінің ережелері мен ықпалын реттеуде қолдау көрсететін күшті тетіктерді қамтамасыз етті. Сөз ретінде, Қазақстанның бас­қарудың президенттік пі­шініне көшкен ел екені ресми нақтыланғанын айта кетейік.

Осылайша Қазақстанда пре­зи­денттік институт қалып­тасып, жеткілікті деңгейде орнықты сипатқа ие болды. Конституциялық және инс­титуттық реформалар жүргізумен байланысты келесі жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесі мен өкілеттілігі барған сайын нығая түсті. Мәселен, 2007 жылғы мамыр айында еліміздің Негізгі Заңына өзгерістер енгізілуіне сәйкес ол заңнамалық бастама таныту құқын – Парламенттің тек төменгі палатасын ғана емес, сондай-ақ, барлық деңгейдегі мәслихаттарды тарату құқын ие­леніп, саяси партияларға мүше бола алатын да болды. Соңғы жағдай Нұрсұлтан Назарбаевқа «Нұр Отан» партиясының толыққанды Төрағасы атануға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ретінде оған 2012 жылдан бастап кезекті президенттік сайлауларға мер­зімсіз қатысу құқы ұсынылды. Ал 2010 жылдың маусым айында егемен Қазақстанды құру мен дамытуға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысы Ұлт Көшбасшысы деген атаққа лайық деп табылды.

Қазақстандағы президенттік институттың әрі қарайғы перс­пективалары, республиканың сая­си жүйесін жаңа жаңғыртуларға дайындау мәселесін қоса ал­ғанда, бірқатар факторларға байланысты болады. Осы жаң­ғыртулардың белгілі бір сұлба­ларын Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының 2015 жылдың 11 наурызында өткен ХVI съе­зінде белгілеп берді. Бұл жерде әңгіме, бірінші кезекте, билік өкілеттіктерін Президенттен Парламент пен Үкіметке қайта бөлуді қарастыратын конс­ти­туциялық реформаларды кезең-кезеңімен жүргізу туралы болып отыр. Әзірше, аталған реформалардың ықтимал жолдары мен нәтижелері пікірталас тақырыптары болып қалуда. Бірақ, көз көрер болашақта мемлекеттік биліктің жоғары институттары мен тұтастай алғанда, еліміздің саяси жүйесінің кескін-келбеті қалай түзілетініне қарамастан, олардың Қазақстанның әрі қарай да орнықты және дәйекті арнада дамуын қамтамасыз етулері маңызды.

Андрей ЧЕБОТАРЕВ,

Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының сарапшысыpreview-image

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар