Елбасы кітапханасы жас скауттарға «Әлемді өзгерткен сөздер» жинағын сыйға тартты

Білгір, жүйрік, мықты. Жас скауттар 7 күн бойы өздерінің қарым-қабілеттерін сынға салмақ. «Астаналық Джамбори-2016» слеті 100 қатысушыны тоғыстырды. («Jamboree» деген сөз «барлық тайпалардың жиыны» мағынасын білдіреді). Олардың арасында еліміздің өңірлерінен келген жасөспірімдермен қатар  германиялық үзеңгілестері де бар. Балалар спорттық тапсырмаларды орындаумен қатар білім көкжиегін кеңейтеді. Оған слеттің салтанатты ашылуы барысында Елбасы кітапханасы атынан сыйланған жаңа жинақ та қолғабыс етпек. Балалар дала жағдайында «Әлемді өзгерткен сөздер» кітабын парақтай алады.

0U3A0697

– Біздің скауттар қозғалысы – Елбасы кітапханасындағы «Кемел Ел» мәдени-білім беру жұмысы және жастарды тәрбиелеу орталығының белсенді мүшесі. Бүгінгі слет ортақ жоспардағы шаралардың бірі саналады. Оның аясында балаларды тұлға ретінде тәрбиелеуге, олардың мінезін қалыптастыруға баса мән беріледі. Бұл мақсатта жас скауттардың бойына қажетті өмірлік дағдылар сіңіріледі. Себебі бүгінде кейбір балалар үшін тіл табысу, бірлесе ойнаудың өзі қиын. 7 күндік бағдарлама ойын түріндегі тапсырмаларға негізделген. Квесттер өткізіледі, тимбилдингтер ұйымдастырылады. Бұл балалар үшін қолжетімді, түсінікті және қызықты, – деп атап өтті «Қазақстан скауттар қозғалысы ұйымы» ҚҰ президенті Ильдар Катенов.

« 1 of 2 »

7-18 жас аралығындағы балалар дала жағдайында өмір сүру дағдыларын меңгереді. Тазалықты сақтау, тамақ дайындау, тіпті киім жуу. Балалардың қасында бәйек болатын ата-ана жоқ. Барлық міндетті әрқайсысы өз мойнына алады. Бойдағы жауапкершілік артқанын атыраулық Ернар мен астаналық Леонид те мойындайды. Слетте тіл табысқан жасөспірімдер ортақ іске бірге жұмылады.

– Бұл лагерь өзгелерінен ерек. Біз оның күнделікті тұрмысына өзіміз атсалысып, шешім қабылдаймыз. 7 күн бойы құрылған шатырларда тұрамыз. Бірлесе кедергілерден өтіп, тез тіл табысу, көшбасшылық қасиеттерді бойға сіңіріп, ептілік пен шыдамдылыққа үйренеміз. Өз басым болашақта тәртіп сақшысы болуды армандаймын. Оған қажетті бастапқы дағдыларды осы жерде меңгере аламын. Мен үшін бұл өмір мектебі, – дейді биылғы жылы скауттардың қатарын толықтырған Ернар Шүкірәлиев.

– Біз бүгін бірнеше шеге және тақтайша арқылы орындық жасауды үйрендік. Өзіміздің жасағымызбен аумағымызды абаттандырып, тәртіпке келтірдік. Барлығымыз достасып алдық. Арамызда еліміздің басқа өңірлерінен келген балалар бар, – деп өзінің әсерімен Леонид Соколов бөлісті.

0U3A0637

Қазақстандық жасөсірімдер германиялық үзеңгілестерімен де тіл табысып үлгерген. Шет мемлекеттен келген 16 жас еліміздің иен даласына тұрақтады. Олар жергілікті дәстүрлермен танысып, ұлттық ерекшеліктерді екшелеуде. «Біз «Джамборидің» барлық слетіне қатысамыз. Мен бұған дейін Қостанай қаласын араладым. Енді Астананың ажарына тәнті болдым. Қазақстандықтардың мейірімді, қонақжай екенін байқадым. Табиғаттарыңыз да әдемі екен. Қазақстандық балалармен таныстым.  Кейбіреуімен тіл арқылы ұғыну қиын болғанымен, бір-бірімізді қимыл-қозғалыс арқылы да түсінеміз», – дейді германиялық жасөсіпірім.

Слетте ұялы телефонға үңілген баланы таба алмайсыз. Есесіне қолдарынан музыкалық аспаптар, спорттық құрал-жабдықтар, еңбек құралдары түспейді. Ас мәзіріне де жас скауттар тікелей араласады. Күніне бір мәрте жасөсіпірімдер өздері тамақ әзірлеп, дастархан жаяды.

– Менің жасағымда 12-17 жас аралығындағы 29 бала бар. Алғашқы күні оларды біріктірудің жолдары қолға алынса, енді ептілік пен шыдамдылық тексеріледі. Оның арқасында балалардың бойында ынта пайда болады. Кейбір ата-аналар перзентінің кір жуатына таң қалса, бірі тамақ пісіруге, музыкалық аспапта ойнауға қызығушылық оянғанын аңғарады, – дейді жасақ жетекшісі Виктория Галченкова.

0U3A0544

Бүгінде қазақстандық скуттардың қатары 1200-ден асып жығылады. Қозғалысқа деген қызығушылық артып, өңірлерде де өкілдіктер ашылуда.

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар