Ізгілікке толы сырлы кездесу

«Жетімді көрсең, жебей жүр». Бұл бүгінде Досбол Ахметжанов үшін таңсық емес. 31 жастағы жігіттің ізгі ісі – өнеге. Белсенді азамат қайырымдылық қордың негізін қалап, еліміздегі балалар үйлеріне жәрдемдеседі. Ол өзінің қызметі, өмірлік ұстанымдары жайлы «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарының тыңдаушыларымен сыр бөлісті.

0U3A9032

– 2011 жылы «Құрбан айт» кезінде балалар үйлеріне ет таратып, қайырымдылық қорын құру қажет деген ойға келдім. Бастапқыда бойымды үрей билегені шындық. Себебі маған тәрбиеленушілермен жұмыс жасаудың тәжірибесі таңсық болатын. Психологиялық білімнен де кенде болып, әке атанып үлгерген жоқ едім. Десек те 5 жыл ішінде «Балапандар» жобасы аясында балалар үйлеріне қолғабыс етілуде. Апта сайын тәрбиеленушілермен жүздесіп, танымдық, мәдени әрі спорттық шаралар ұйымдастырылады. Өмірде басты 5 мақсатым бар. Олардың бірі – еліміздегі жетімханаларды жабу. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуықтап отыр, – деп атап өтті «Қайырымды жүректер қаласы» қорының директоры Досбол Ахметжанов.

0U3A9056

Кездесу барысында отау құрудағы жастардың жауапкершілігі, отбасылық құндықтарды сақтау кеңінен талқыға салынды. Оның маңыздылығын алматылық студент Диана Кравцова жете түсінеді. «Ұлттық бірыңғай тестілеуге бір ай қалған кезде физика пәнін таңдауға тура келді. Себебі менің сүйіктім Алматыға оқуға түсті. Енді мен де оңтүстік астанада білім аламын. Біз бір-бірімізді қолдаймыз. Бүгінгі кездесудің арқасында өзімнің бақытты екенімді сезіндім. Мен үшін тақым қысатын ата-анам жанымда. Олар мен үшін өнегелі отбасының үлгісі. Әкем себепсіз анама гүл сыйлауды әдетке айналдырған», – деп өзінің әсерімен Алматы энергетика және байланыс университетінің студенті бөлісті.

Бұл жолы Елбасы кітапханасындағы «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарына Халықаралық қазақ-түрік университетінің және 48 студенті қатысты. Олар еліміз үшін дамудың даңғыл жолын салған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарымен жан-жақты танысты.

0U3A9242

– Семинардың арқасында екі күн ішінде бірталай пайдалы ақпаратты түртіп алдық. Оның барлығымен өзіміздің университеттегі студенттермен бөлісіп, арнайы семинар ұйымдастырамыз. Себебі  болашақта жұмысқа орналасқан кезде мемлекетіміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік бағыт-бағдарын білуіміз қажет, – дейді студенттік ректордың бас кеңесшісі,  Халықаралық қазақ-түрік университетінің 2 курс студенті Дияс Берікбаев.

Семинардың барлық тыңдаушыларына сертификаттар мен естелік кітаптар табыс етілді. Жаңа біліммен қаруланған студенттер енді ерекше ықыласпен оқу ордаларына аттанбақ.

0U3A9234

 

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар