Тіл жанашырлары Елбасы кітапханасында тоғысты

Ақтөбелік Анюта Жукова қазақшаға судай. Оның мемлекеттік тілге деген қызығушылығын балабақша тәрбиешісі оятқан. Кейін оқушы көркем әдебиеттерді парақтап, шығарманы қазақшаға жазуға ден қойды. Нәтижесі ұзақ күттірмеді. Енді бастапқыда көзге түрпідей тиетін өрескел грамматикалық қателіктерге жол берілмейді.

0U3A9992

— Менің анам қазақ, әкем орыс. Бірақ олар көбіне өзге тілде сөйлейді. Өзімді қамшылап, қазақшаны меңгердім. Бірақ маған қарағанда туған әпкем қазақша жақсы сөйлейді. Сөздік қорымды арттыру үшін достарыма тілді үйретемін. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен өтетін олимпиадаларда қанжығам 1-2 орындармен майлануда. Меніңше, еліміздің кез-келген тұрғыны қазақшаны жетік білуге міндетті. Себебі елімізде тұратын әртүрлі ұлт өкілдерінің барлығы қазақстандық. Бұл туралы бүгінгі Тілдер мерекесіне арналған мазмұнды кездесуде сөз қозғадық, — деп өзінің ой-пікірімен Ақтөбе қаласындағы №26 мектептің 9 сынып оқушысы бөлісті.

0U3A9976

Қызылордалық және ақтөбелік 55 оқушы Елбасының кітапханасында Тілдер күніне  арналған «Тіл  — ұлттық бірегейліктің негізігі» тақырыбындағы кездесуде тоғысты. Мәнді басқосу қазақстандық бірегейлік және жалпыұлттық бірлік тағылымы аясында ұйымдастырылды. Шәкірттерге тәжірибесі мол Елбасы кітапханасының аға ғылыми қызметкері Ғазиз Телебаев 2014 жылғы сауалнаманың дәйектері мен деректерін паш етті. Тергіштесек, респонденттердің 74% жуығы қазақшаны ана тілім деп көрсеткен. 5 жыл бұрын олардың қатары бар-жоғы 50 пайызды құрады. Қазақшаны еркін меңгеріп, кәсіби лексиканы қолданатындардың үлесі 54,2% тең. «Елімізде тілдік ортақтық қалыптасып, тілдік деңгей арта түскені көңілге медеу. Оның арқасында азаматтық бірегейлік нығаяды. Себебі кез-келген ортаны тіл біріктіретіні хақ», – деп түсіндірді оқушыларға Ғазиз Телебаев.

0U3A9996

Қазақшаның мәртебесі мен аясы құлаш жайды. Балаларын мемлекеттік тілде оқытатын балабақшалар мен мектептерге жетектейтін ата-аналар көбейді. Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гаухар Еленбаеваның айтуынша, бір адамды қазақша сөйлете білудің өзі үлкен жетістік.  Оның сөзін кездесуге қатысқан  Александра Минченко қостайды. Оқушы Абайдың тілінде сөйлейді, данагөй ақынның кітаптарынан сусындайды. «Мен Қазақстанда тұрамын. Мемлекеттік тілді білу – міндетім. Достарымды түсіну – мен үшін бақыт. Қазақ тілі және әдебиеті пәні бойынша облыстық 5 олимпиадаға қатыстым. Барлығынан да екінші орынды еншіледім. Мемлекеттік тілді меңгеру еш қиын емес. Ата-анам орыс. Олармен қатар 8 жастағы сіңліме қазақшаны үйретіп жүрмін, – деп түйді Алға қаласындағы №4 мектеп оқушысы.

Мәнді кездесуге қатысқан оқушылар Тілдер мерекесіне арналған көрмені тамашалады. Қазақшаны еркін меңгеріп, оның тағдыры жайлы қалам тербеген тіл жанашыры Асылы Османның «Тіл тәуелсіздігі – ел болашағы» кітабы көпшіліктің қызығушылығын оятты. Көрмеге 20-дан астам құнды жинақ ұсынылған. Олардың арасында Елбасының қанатты сөздерін топтастырған кітапшалар, Мемлекет басшысына жеке қолтаңбамен сыйға тартылған Өмірзақ Айтбайұлының «Ана тілі, ана сүтім, арым менің…» кітабы ерекше көзге түседі.

0U3A9897

 

 

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар