«Кітап және ұрпақ сабақтастығы» оқырмандар конференциясы өтті

Ақтөбелік Аманжол Сламғали қолы қалт еткенде, кітап парақтайды. Жақсысын бірден көңілге түйіп алады. Абайдың туындылары оның жанына жақын. Рухани азық жеке шығармашылықты дамытуға септеседі.

0U3A0058

– Кітап – білім бұлағы деп тектен-текке айтылмайды. Мен биылғы жазда Сайын Мұратбековтың, Нұрғали Ораздың 4 кітабын оқыдым. Оның әрқайсысынан түйіп алатын нәрсе бар. Себебі 5 сыныптан бастап өлең шығарамын. Көбіне отансүйгіштік, туған жер, тәуелсіздік туралы қалам тербеймін, – деп өзінің қызығушылығымен Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласы №4 мектебінің 10 сынып оқушысы Аманжол Сламғали бөлісті.

Заманауи гаджеттерге үңілуден гөрі кітаптарды парақтаған абзал. Жас толқынның көркем әдебиетке деген қызығушылығын «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының және Елбасы кітапханасының қызметкерлері оятуға тырысты. «Кітап және ұрпақ сабақтастығы» оқырмандар конференциясында қызылордалық және ақтөбелік оқушылар тоғысты. Оларға «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» оқушылары оқитын 100 кітап таныстырылды. Балалардың назарына мәнді көркем әдебиеттер жүктелген веб-сайттар  ұсынылды.

– Біздің оқушылардың кітап оқуына, олардың бойында академиялық шыншылдықты қалыптастыруға басымдық береміз. Ата-аналардың да көркем әдебиеттерге қызығушылығын оятуға тырысамыз. Бұл бағытта «Отбасылық оқу», «Кітапсүйер жан», «Favebook» сынды кездесулер ұйымдастырады. Бүгінгі шара біздің тәжірибемізді кеңінен таратудың бір көрінісі, – деп шараның маңыздылығына «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Білім беру саясаты және бағдарламалар департаменті директорының орынбасары Жұлдыз Сүлейменова тоқталды.

0U3A0087

Оқырман конференциясы барысында интеллектуалды ойындар ұйымдастырылды. Оқушылар белсенділік танытып, кітаптарға байланысты сауалдарға мүдірмей жауап берді. Оның арқасында балалардың бойында ғылымға және зерттеуге деген ынта-ықыласты арттыру көзделген. Жас ұрпақты іздемпаздыққа тәрбиелеу арқылы кітапты зейін қойып оқу дағдысын дамыту діттеліп отыр.

«Бүгінгі кездесуде «Кітапты тап», кітапхана қорына келіп түскен жаңа жинақтарды шолуға арналған «Book Dingo» ойындары ұйымдастырылды. Кітапты кілт сөздер арқылы оқуға мүмкіндік беретін «Keyword Hexagon», «123 әдісі»  әдістері таныстырылды. Соңғы тәсіл бойынша 1 айда 20 минут бойы кітапты оқып, сол кітаптан түсінгенді 3 минут ішінде эссе түрінде қағазға түсіру қажет. Негізінен барлық тапсырмалар балалардың шығармашылық қабілетін, дағдыларын дамытуға, сыни ойлауға, қажет ақпаратты іздеп, оны талдауға бағытталды», – деп кездесудің маңыздылығын Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің аға педагог-кітапханашысы Гүлсара Мұстапинова жіпке тізді.

0U3A0071

Енді зерек оқушылардың кітапты оқуға деген ынта-ықыласы арта түсетіні хақ.

 

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар