«Әлемді өзгертетін идеялар»: білім көкжиегін кеңейту

Қызылордалық Нұрай Қожақова 2017 жылы мектепті тәмамдап, үлкен өмірге қадам баспақ. Оқушы болашағын адам өмірінің арашасы дәрігерлік мамандықпен сабақтастырмақ. Ол дерт дауасын дөп басу үшін сапалы білім мен білік  қажеттігін түсінеді.

– Жақсы маман атану үшін өмір бойы білім алу қажет. Оны «Әлемді өзгертетін идеялар» семинары барысында түсіндім. Көп нәрсені түйдім. Еліміздің бет алған жолын талқыға салып, алдағы қадамдармен кеңінен таныстық. Белгілі бір нәрсеге көзқарасым өзгерді, – дейді Арал қаласындағы №13 орта мектептің 11 сынып оқушысы.

Бұл жолы «Әлемді өзгертетін идеяларға» ақтөбелік және қызылордалық 55 оқушы үңілді. Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлерінің дәрісі көпшіліктің қызығушылығын оятты. Балалар еліміздің экономикасы мен саясатын, әлеуметтік жағдайын тергіштеді. Олар Елбасының жаһандық бастамаларымен және идеяларымен жете танысты.

0U3A0261

- Қызылорда облысынан 25 бала келді. Олардың дені ауылдық жерлерде білім алады. Балалар екі күн бойы дәрістерді асқан қызығушылықпен тыңдады. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қолжетімді түрде түсіндірілді. Оқушылар өздерін мазалаған сауалдарын жолдап, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.  Оларға «қандай мамандықты таңдайсыздар» деген сауал қойылып, дені «инженерді» таңдағанын алға тартты. Жас буын индустрияландыру дәуірінде техникалық кәсіптерге сұраныс артқанын жақсы түсінеді, – дейді Жаңақорған ауданындағы Қожакент ауылының №168 орта мектептің мұғалімі Насриддин Тұрсынов.

Семинар барысында оқушылар Елбасы кітапханасындағы интерактивті үстелдердің мазмұнымен танысты. Олар екі күнде біліп-түйгендерін тапсырма барысында дәлелдеп бақты. Зеректігін және тапқырлығын сынға салған балалар үшін экскурсия ұйымдастырылды. Оларға Кітапханадағы құнды жәдігерлердің тарихы паш етілді. Әсерге бөленген семинардың барлық қатысушыларына салтанатты түрде сертификаттар табыс етілді.

0U3A0295 0U3A0288

 

 

 

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар