Елбасы кітапханасының ұжымы: «Туған қаламызды аялау – ортақ міндет»

Жалпықалалық сенбілікте Елбасы кітапханасының қызметкерлері де қолдарына еңбек құралдарын алды. Жұдырықтай жұмылған ұжым «Біз – таза қала үшін» деген ұстаныммен саябақтың ажарын келтірді. Оның аумағы кураған жапырақтар мен бұтақтардан, қоқыстардан тазартылды. Кітапхананың атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков бастаған топ ұйымшылдық танытты. Қала тұрғындарының демалыс орнына айналған саябақтың сәні мен салтанаты арта түскені хақ.

0U3A0331

– Сүйікті қаламызды көркейту – біздің ортақ міндет. Елбасының бастамасымен бой көтерген Астананың тазалығы мен әдемілігі өз қолымызда. Ғимаратымызға іргелес орналасқан қалалық саябақта өзіміз де серуендейміз. Бүгін оны тазалап, туған елордамызды абаттандыруға титтей болса да үлесімізді қостық. Біздің Кітапхананың қызметкерлері игі дәстүрге айналған сенбіліктерге қуана атсалысады, – деп өзінің азаматтық ұстанымымен Құқықтық сараптама және ұйымдастыру-кадр жұмысы қызметінің басшысы Ақару Мүкияева бөлісті.

Елбасы кітапханасының қызметкерлері жылына екі мәрте еңбек құралдарын қолға алады. Таза ауадағы тазалық шаралары бойға күш-жігер дарытады. Салауатты өмір салтын ұстанатын Мұрат Абылғазиннің пікірі осыған саяды. Қолына күрек алған тәжірибелі маманға жас әріптестері бой түзеді.

0U3A0343

– Барлығымыз сенбілікке жұмыла кірістік. Жұмыс нәтижесі көз қуантады. Көңіл-күйіміз де жоғары. Бүгінде көпшілік қалалық билікке сенім артып, туған қаланың тазалығын сақтауға аса көңіл бөлмейді. Меніңше, бұл дәстүрді нығайта түскен абзал. Оған жас толқынды тартып, оларға өзіміз де үлгі көрсетуіміз қажет, – дейді Елбасы кітапханасы Геосаяси және өңірлік зерттеулер қызметінің аға ғылыми қызметкері.

Таза ауада тыныстап, еңбек еткен Елбасы кітапханасының ұжымы жаңа күшпен жауапты қызметтеріне кіріспек.

0U3A0337

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар