«Тұңғыш» БПҰ: Спорттың жігер мен командалық рухты көтерген жарыс

Елбасы кітапханасының қызметкерлері спорттық шеберліктері мен ептіліктерін сынға салды. Демалыс күндері Астанада игі дәстүрге айналған «Қазақстан – спорттық ел!» турнирі өтті. Жарысқа «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалының 26 бастауыш партия ұйымынан жасақталған құрама бас жүлдені бәске тікті. 1 мыңға жуық адам спорттық қарым-қабілетін дәлелдеуге тырысып бақты. Шағын футбол, волейбол, үстел теннисі және шахмат бойынша мықтылар анықталды. Елбасы кітапханасының қызметкерлерінен құралған «Тұңғыш» БПҰ белсенділері спорттың барлық түрлері бойынша бақ сынады.

0U3A0396

Жылдам ойлау және тез арада шешім қабылдау Кітапхана жұмысы қызметінің жетекші сарапшысы Айдынкүл Көшкінова үшін таңсық емес. Шахмат тақтасы мектеп қабырғасында оның жан серігіне айналған-ды. Кейін күйбең тірлік логикалық ойыннан талай жылдарға алыстатты. Десек те бойдағы икемділік пен дағдылар жоғалмайтыны хақ. Әріптесіміз алғырлығын танытты.

– Жарысқа дейін үйде баламмен шахмат ойнап, мектеп кезіндегі дағдыларды еске түсіруге тырыстым. Бүгінде оның ережелері өзгерген. Уақытты бағдарлап, сағатқа көз тігу қажет. Ойың соған да бөлінеді. Бастапқыда таңсық болды. Кейін сағатқа бой үйреттім. Қарсыластарым осал болмады. 7 ойынның 4-уін жеңдім. Тіпті қарсыластарымның бірі менің көршім екен. Онымен танысып, енді тұрақты түрде шахмат ойнауға келістік, – деп өзінің әсерімен Айдынкүл Көшкінова бөлісті.

0U3A0447

Спорттық жігер жеңіске жетелейді. Оған Хамит Момынқұл сенімді. Әуесқой аяқдопшы қолы қалт еткенде, спорттық алаңға бет алады. Ол аптасына екі мәрте бауырларымен кездесіп, шеберлігін шыңдайды. Тәжірибелі маманға жарыста қорғаушы және шабуылшы міндеті жүктелді.

– Біз «Энергетикалық орталық» құрамасымен кездестік. Ойын тартысты өтті. Мықты қарсыластарымызға дес бермеуге тырыстық. Есе жібергенімізбен, бізде командалық рух қалыптасты. Енді әріптестерімізбен жұмыстан кейін футбол ойнап, ептілік пен икемділікті дамытамыз, – деп алдағы жоспарға Мұрағат жұмысы секторының аға сарапшысы Хамит Момынқұл тоқталды.

IMG_9118

Әріптесінің пікірін Асқар Жүсіпов қостайды. Компьютердің тілін он саусақтай меңгерген тәжірибелі маман салауатты өмір салтын ұстанады. Ол  спорттық залға жол салуды әдетке айналдырған.

– Жарыстың арқасында бойымыз бір серпіліп қалды. Президент әкімшілігі қызметкерлерінен құралған құрама осал болмады. Ойын қызықты өтті. Жалпы тартысты сайыс көңілімнен шықты. Ұйымдастыру деңгейі де қуантты. Бізге еріктілер «Сарыарқа» велотрегінде бағыт-бағдар көрсетіп, көп жәрдемдесті, – деп түйді Ақпараттандыру секторының жетекшісі.

0U3A0412

Жас маман Аслан Жұмағұлов та спорттың шарадан сырт қалмады. Ол белсенділік танытып, спорттың екі түрі бойынша өнер көрсетті.

– Жарысқа қатысып, бойымызға бір құдды күш дарығандай күйге ендік. Әріптестерімізбен әдеттегі кеңседе емес, спорттық алаңда кездестік. Жеңіс жолында бар күш-жігерімізді салдық. Спорттық жігеріміз бен командалық рухымыз оянды. Барлығымыз жұдырықтай жұмылып, жеңіске жетуге тырыстық, – дейді Жұртшылық байланыс қызметінің маманы.

Бәсеке нәтижесі бойынша «Мәдениет» БПҰ жалпыкомандалық есепте бас жүлдені қанжығысына байлады. «Тұңғыш» БПҰ 26 құраманың арасында 15-ші орынға жайғасты. Белсенділік танытқан Елбасы кітапханасының қызметкерлері Астана қалалық «Бірлік» филиалының төрағасы атынан алғыс хатпен марапатталды.

IMG_9116

Виртуалды айналым

Сіздің пікіріңіз біз үшін маңызды!
Электрондық ресурстар