ПРЕЗИДЕНТ КІТАПХАНАЛАРЫ, ОРТАЛЫҚТАРЫ МЕН ҚОРЛАРЫ ТУРАЛЫ ӘЛЕМДІК ЖАҢАЛЫҚТАР ДАЙДЖЕСІ (СӘУІР, 2017 ЖЫЛ)

 

«Америка президенттері» көрмесінің ашылуы

5 сәуірде Уилльям МакКинлидің атындағы Президент кітапханасы мен мұражайында «Америка президенттері» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Олардың барлығы бейнеленген жалғыз толық топтаманың авторы – Солтүстік Каролинаның танымал суретшісі, мүсінші Чес Фаган. Оның жұмыстары президенттердің өмірбаянына негізделген. Көрмеде президенттердің басқарған уақытын қамтитын, Ақ үй архивінен алынған тарихи фотосуреттер, президенттік сайлау нәтижелері жарияланған Америка газеттерінің беттері, Т.Рузвельттен бастап барлық президенттердің сөйлеген сөздерінің аудио жазбалары да бар.

Көрме 30 сәуірге дейін жалғасты.

https://mckinleymuseum.org

 

«Кітапханадағы түн»

21 сәуірде Екатеринбург қаласындағы маңызды мәдени шаралардың бірі  «Кітапханадағы түн» басталды. Ельцин орталығы акция қолға алынған алаңдардың біріне айналды.

Бұл күні кітапханалар, кітап дүкендері мен өзге мәдени мекемелер жұмысын түн ортасына дейін ұзартып, кітап мәдениеті мен әдебиет үрдісі жайлы сөз қозғады. Ельцин орталығы өз кезегінде Ресей әдебиетінің тарихын, бүгінде берілетін әдеби сыйлықтарды талқылады. Келушілер «ХХ ғасыр тарихының лабиринті» музей көрмесін тамашалап, әдебиет дәрістеріне, концертке қатысты.

http://yeltsin.ru/news

 

 «Баку марафоны-2017» өтті

30 сәуірде Гейдар Алиев қорының бастамасымен «Баку марафоны-2017» өтті.

«Желді жең!» ұранымен ұйымдастырылған жартылай марафон Мемлекеттік ту алаңынан басталып, Баку олимпиада стадионында аяқталды. Қатысушылар қатарында жергілікті тұрғындар, 1000-нан астам шетел азаматтары бар. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Польша, Түркия, Ресей, Иран, Грузия, Украина, Швейцария, Индия, Чех азаматтары, Мексика, Бразилия, Біріккен Араб Әмірлігі, Украина, Малайзия, Корея, Ирак, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Қазақстан елшіліктерінің өкілдері, Еуропа одағы өкілеттілігінің қызметкерлері бар.

Баку марафонына жиналған қаражат Гейдар Алиев қорының ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға қатысты жобасына жұмсалады.

http://heydar-aliyev-foundation.org/ru/content/blog

 

«Ашық хат» әлемі

«Беларусь Республикасының президенттік кітапханасы» ММ және «Беларусь Республикасы ұлттық көркем музейі» ММ серіктестік келісімі аясында «Ашық хат» электронды жобасы іске қосылды.

Беларусь Республикасының президенттік кітапханасы ашық хаттарының төртінші кезеңі «Театр – ұлттар арасындағы бірлік пен достықты нығайту құралы» ұранымен өтетін Халықаралық театр күніне арналды.

 Халықаралық театр күні – барлық театр қызметкерлерінің ұлтаралық кәсіби мерекесі. Олардың қатарына актерлер, қоюшы-режиссерлер, продюсерлер, жарық техниктері, дыбыс инженерлері, декорация құрушылар, тіпті билет таратушылар да кіреді. 1933 жылғы 23 қаңтарда А.П.Чехов атындағы МКАТ гардеробшыларына жазған хатында К.Станиславский «...Спектакль театр ғимаратына кірген сәттен басталады. Сіздер келген көрермендерді бірінші болып қарсы аласыздар» дейді. Кейініректе «Театр киім ілгіштен басталады» деп өзгеріп кеткен қанатты сөз театр саласында барлық мамандықтар маңызды екенінін білдіреді.

https://www.preslib.org.by/news

 

Дж.Кеннедидің 100 жылдығы

Конгресс кітапханасы Дж.Кеннедидің жүз жылдығына арнайы бағдарлама ұйымдастырды. Оның барысында Дж.Кеннедидің кітаптары, бұрынғы президентке арналған биографиялық материалдар мен фильмдер келушілер назарына ұсынылды.

Бағдарламаның барлық кезеңі көпшілікке ашық түрде және тегін өтті. Қонақтар Дж.Кеннеди туралы түрлі тілдерде жазылған материалдармен, президенттің жеке еңбектерімен танысып, танымал саясаткерлердің, жазушылар мен режиссерлардың дәрісін тыңдады.

3 сәуірден бастау алған бағдарлама 30 мамырға дейін жалғасты.

https://www.loc.gov

 

Этнографтың көрмесі ұйымдастырылды

Беларусь мемлекеттік кино-, фотоқұжаттар архивінде «Беларусь тарихшысы-архивисі, этнограф, публицист М.В.Мелешконың 125-жылдығы» атты фото көрме ашылды.

Михаил Мелешко (1892—1941) — этнограф, жазушы, публицист, тарихшы-архивист. Ол крепостнойлық құқық мәселелерін, 1863 және 1905-1907 жылдардағы шаруалар ереуілдерін, этнографияны, архив ісін зерттеп, өлкетану жұмыстарына қатысқан.

Көрме Беларусь тарихшысы, архивист, энциклопедист, әдебиеттанушы В.В.Скалабаның топтамасындағы 26 фото құжатты қамтиды.

http://archives.gov.by

 

Белгілі кинорежиссерға тағзым етілді

4 сәуір танымал кинорежиссер Андрей Тарковскийдің туған күні. ХХ ғасырдағы атақты тұлғаның 85 жылдық мерейтойына орай Екатеринбург қаласындағы Ельцин орталығында арнайы тағылымды шара ұйымдастырылды. Дәстүрлі кино клубының шеңберінде "Андрей Тарковскийге арнау" бағдарламасы өтті.

Жиынға қатысушылар белгілі кинорежиссердің туындыларына түскен әртістермен Наталья Бондарчукпен және Юрий Назаровпен жүздесіп, өздерінің сауалдарын жолдады. Сонымен қатар қалың бұқараға "Үш Андрей" фильмі көрсетілді.

http://yeltsin.ru/news

 

«Соңғы патшайым: құжаттар мен суреттер» көрмесі ашылды

Мәскеу қаласының Федерал архивтері көрме залында Александра Романоваға арналған «Соңғы патшайым: құжаттар мен суреттер» көрмесі ашылды. Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінде сақтаулы тұрған, 700 істен тұратын «Александра Федоровна (Гессенская Алиса-Виктория-Елена-Луиза-Беатриса ханшайым)» қоры алғаш рет көпшілік назарына электронды және түпнұсқада ұсынылды.

Соңғы орыс патшасының жұбайына қатысты құжаттардың көп болуы, және олардың онлайн қол жетімділігі көрменің ерекшелігін тереңдете түсті. Көрменің мультимедиалық кеңістігі интерактивті үстелдерден, «шынайы» үлгіде цифрланған құжаттардан, Александра Федоровна өмірінің кезеңдерін бейнелейтін фильмдерден құралған.

Бірегей жинақта сол кезеңнің кәсіби фотографтары мен монарх отбасының мүшелері түсірген фото суреттер, хаттар, құттықтаулар, күнделіктер, қолжазбалар, Романовтардың есеп тізімдемелері бар. 60 мың беттік құжаттың барлығы цифрланып, көпшілік және ғылыми айналымға енгізілген.

http://statearchive.ru