2018 жылғы 13 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Қазақ елі – Мәңгілік ел» атты тарихи көріністердің шеруі өтті.

«Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуындағы Н.Ә.Назарбаевтың саяси бастамалары» атты жоба бойынша білім беру бағдарламасы аясында Елбасы кітапханасының  Астана қалалық Білім басқармасымен бірлесе ұйымдастырған іс-шарасы өскелең ұрпақ бойына қазақстандық патриотизмді жасақтауды, оларды туған елінің тарихы мен мәдениетін қастерлеуге баулуды көздейді. Жыл сайын Тәуелсіздік күніне орай өтетін екі ұйымның арасындағы жақсы дәстүрге айналған танымдық, костюмдік қойылым көпжылдық серіктестіктің нәтижесі болып табылады.

Елорда мектептерінің мұғалімдері, оқушылары және олардың ата-аналары Қазақстан тарихының жарқын да маңызды кезеңдерін парақтап шықты. №№ 49, 68, 76, 79 мектеп-лицей оқушылары «Алтын адам туралы аңыз», «Түркі әлемі», «Отырар апаты», «Қазақ хандығы», «Алаш зиялылары» атты әдеби-сазды композиция, театрлық миниатюралар, хореографиялық қойылымдар түріндегі көріністер шеруінде Ұлы дала жерінде болған тарихи оқиғаларды паш етті.

– Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен туған жерімізді қорғап қалған ұлы бабаларымыздың ерлігін негізге алған бүгінгі шара сақ дәуірінен тәуелсіз республикаға дейінгі тарихи оқиғаларға ортақтығымызды сезіндірді. Бұл – Елбасы кітапханасы музейі, Астана қалалық Білім басқармасы және мектеп ұстаздарының бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Шараның мақсаты – өскелең ұрпақпен мәдени-ағартушылық жұмыс, туған жері мен халқының тарихы туралы оқушылардың білімдерінің деңгейін арттыру. Елбасымыздың биылғы Жолдауында ұстаздарға деген басымдықтарды байқауға болады. Атап айтқанда, жақын арада «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын әзірлеп, қабылдау ұсынды. Осы тұста «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының да маңыздылығын атап өткен жөн. Мақалада қозғалған тарихи сананы жаңғырту міндеті бірінші кезекте тарихшы мұғалімдерге жүктелген. Сондықтан, Сіздерге мол табыстар тілеймін! Оқушыларыңыз жаңа жеңістер мен жетістіктерге жетсін! – деді Ұлттық мерекемен барша қатысушыларды құттықтаған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Бірлескен іс-шараларға бірнеше жыл бойы ат салысып келе жатқан мектеп-лицей мұғалімдері Елбасы кітапханасының Алғыс хаттарымен марапатталды.