«...Ақындық бұл арпалыс ғұмыр екен,

Жыр дегенің желқанат, дүбір екен.

Жай адамның ғұмыры жайбарақат,

Жай пендеден ақынның күні бөтен...», - деп жырлаған отты ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбайұлының шығармашылық кешімен Елбасының кітапханасы жаңа жылдағы жұмыс кестесін бастады.

Мәдениет және қоғам қайраткері, Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын, публицист Өтеген Оралбайұлының шығармашылық кешіне Елбасының кітапханасы қызметкерлері, елорданың мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты.

Жас ұрпақтың санасына қозғау салып, жүректерін жалынды жырмен тербеп, рухани ой-өрісін дамыту, әрі қазақ поэзиясында өз орны бар Ө.Оралбайұлының шығармашылығын таныту мақсатында ұйымдастырылған мәдени шараның шымылдығын Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов ашып, ақынның азаматтық келбетін тілге тиек етіп,  әр жылдары атқарған қызметтеріне қысқаша тоқталып өтті.

– Өтеген Оралбайұлының өмірлік жолы тәуелсіз мемлекетімізбен біте қайнасып келе жатыр.  Ол сонау Кеңес дәуірінен бастап осы күнге дейін журналист, ақын, мемлекеттік қызметкер ретінде тәуелсіздігімізді баянды етуге өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың бірі. Сол еңбегі еленіп, күні кеше ғана Елбасымыздың Жарлығымен «Шуақты шақ» жыр жинағы үшін 2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекет сыйлықтың иегері атанды, - деген Әмірхан Мұратбекұлы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбековтың құттықтау хатын оқып берді.

«...Өзіңіздің шығармашылығыңызда «кез келген адам дүниеге ақын болып келеді» деп айтқандай, Жұмекен, Фариза сынды ақындарымыздың жолымен ақындықты жаныңызға мұрат етіпсіз. Қарыштап жүріп өткен жолыңыздың бірінші кезеңі, тура жиырма жылы баспасөз саласына арналса, ширек ғасырдан тұратын кейінгі кезеңі - мемлекеттігімізді бекемдеуге, дәлірек айтсақ, еліміздің тәуелсіздігін баянды етуге арналған екен...Ұлағатты да ақылшы ел ағасы ретінде еңбегіңіздің зейнетін көре беруіңізге тілектеспін! Қаламыңыз ешқашан мұқалмасын».

«Жаңа жылдың басында жақсы тілек үстінде көңіл-күйім көтеріңкі» деп  сөз бастаған Өтеген Оралбайұлы жас буынға жүріп өткен мағыналы өмір жолынан естеліктер айтып, ақындық өнер туралы өз ойларын ортаға салды.

«Мен де осындағы жеткіншек балалар секілді орта мектепті бітіріп, арман қуып Алматыға оқуға келдім. Біздің Атырау жерінің негізгі мамандығы – мұнай мен газ ғой. Әке-шешем мұнай мен газ саласында маман бол деп өтініш жасағанымен, ақындық жолға түсемін деп арман жетегінде астанаға келдім. Адамдар өмірге келген кезде бәрі ақын боп туады. Кейін өмірдің сан саласында бірде қателеседі, бірде әртүрлі жағдайға ұрынады, бірде артық сөз айтады, сөйтіп-сөйтіп адамдар бойына әртүрлі кінәраттар жинайды, сөйтіп өзінің жан дүниесіндегі  ақындықтан айырылады. Ал енді таза қалам иелері – ақындар сол өнерді былғатпауға тырысқан, мүмкіндігінше күрескен және сол жолда өзін арнап келе жатқан адамдар деп ойлаймын. Сол ақындар аренасының қатарында жүргенім де Алла тағаланың маған деген сыйы деп есептеймін».

1978 жылы  Өтеген ақынның «Тұңғыш» атты алғашқы өлеңдер жинағы шықты. Одан кейін  әр жылдары «Мәңгілік қозғалыс», 1980 ж., «Жұлдызды шақ», 1982 ж., «Көгілдір көкжиек», ұжымдық, 1984 ж., «Ақ пен қара», 1988 ж., «Аспаны биік атажұрт», 1997 ж., «Екімыңжылдық дала жырлары», антология, 2008 ж., «Өлеңбаян» 2 томдық, 2008 ж., «Сүмбіле саздары», 2010 ж., «Қағбаның қарлығаштары», 2012 ж., «Айсұлудың алақаны» 2016 ж., «Шуақты шақ» 2016 ж. жыр жинақтары жарық көрді.

– Менің ауылым Ақмешіттен 25 ақын шыққан. Біз ақындардың ауылымыз. Соның ішінде менің әкем ақын, әнші, термеші болды. Ақындық маған әкемнен берілген деп ойлаймын. Отбасында сегіз баламыз. Мен баланың үлкенімін. Әкем қайтыс болғанда мен 16 жаста болдым. Әкемнің маған қалдырған мұрасы – осы ақындық өнері деп ойлаймын, - деп жауап берді Өтеген аға, «ақындық сізге кімнен берілді?» деген сұраққа.  

Поэзия мен прозаны қос қанатындай көретін Өтеген Оралбайұлы қара сөзді жүрдектетіп «Жолға шықты жүрегім», 1993 ж., «Жолдар мен жылдар», 2008 ж., «Серпер сезім», 2014 ж., «Текті өнердің Тұмары», 2015 ж., «Тәуелсіз елдің Тұңғышы», 2016 ж., прозалық кітаптарын жарыққа шығарды. Жазушы кездесу барысында «Серпер сезім» туындысына  да тоқталып өтті.

- «Лениншіл жас» газетінің «Руханият» бөлімінде  қызмет атқарғандықтан еліміздегі әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, ғылымның, ұлы тұлғалардың  барлығымен дерлік етене таныс, дәмдес, сапарлас, дос болдым. Бауыржан Момышұлынан бастап Мұхтар Мағауинге дейінгі аралықтағы адамдардың барлығымен дос-сырлас болдым. Бұл менің рухани әрі азаматтық жағымнан өсуіме үлкен өзгеріс болды. Сондықтан осы тұлғаларды елге таныту, қыр-сырын көрсету, олардың адами өмірі мен шығармашылығының қандай екенін таныту мақсатында осы кітапты жаздым», - деді кеш иесі.

Сұхбат барысында  Өтеген Оралбайұлының сексенінші жылдары сөзін жазған, танымалдылығы жағынан, сол кездерден бастап осы күнге дейін Қазақстан ғана емес, шетте жүрген қандастарымыздың да тойларында шырқалып жүрген  «Жұбайлар жыры» әнінің шығу тарихын сөз етіп, бүгінде жаңаша қалам тербеп жүрген  жастар поэзиясына да сипаттама берді.

– Поэзия деген – күнде әртүрлі көйлек киіп, боянып шығатын сұлу қыз сияқты. Сұлуға киім де, бояу да, қолына ұстаған заты да жарасады. Сол сияқты поэзияға әртүрлі тәсілмен, әртүрлі машықпен жазғанның ешқандай айыбы жоқ. Қазір жастар әртүрлі ыңғайда, ырғақта жазып жүр. Бірақ олардың ұстанатын бір нәрсесі болуы керек. Олар ұлттық діннен, ұлттық ділден, салт-санадан ажырамауы керек.

«Өмірдің мәні – ақиқатта», - деп кездесуді түйіндеген Өтеген Оралбайұлы болашақта «Көз бен көңіл» деген атпен әр жылдары қызметтес болған мемлекет қайраткерлері туралы түйген ой-пікірлерінен тұратын күрделі де қызықты кітабы жарық көретінін айтты.

Кеш соңында әншілер Құрманбек пен Риза Әбілғазының орындауындағы Өтеген ақынның сөзі мен композитор Ғалым Сердәлінің әуеніне жазылған «Жұбайлар жыры» әні жиналған қауымды тербеді.