ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДАҒЫ ЕЛОРДАЛЫҚ ЖАСТАРДЫҢ ФОРУМЫ

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Астана жастары - Қазақстанның индустриалдық стратегиялық дамуында» атты қалалық жастар форумы өтті. Жастар жылына арналған шараға елорда колледждерінің студенттері қатысты. Олар көрермендерге еліміздің индустриалдық даму стратегиясын жүзеге асыруда жастардың әлеуметтік белсенділігін дамытуға бағытталған авторлық жобаларын таныстырды.

Оқиға Менеджмент және бизнес колледжінің студенттері – болашақ сәнгерлердің қазақтың ұлттық киім үлгілерін көрсеткен «Көктем шуағы» дефилесімен басталды. Музыкалық сүйемелдеуді қазақ күйлерінің орындалуымен Гуманитарлық колледж студенттік оркестрі ұйымдастырды.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов құттықтау сөзінде:

«Қазіргі жастар өз күш-жігерлерін жандарына жақын арнаға бағыттай алады. Жақын арада Елбасы кітапханасында «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» форумына қатысып, Президент алдында жобаларын таныстырған жастармен кездесу өтті. Олар кездесу барысында «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты семинар-тренинг қатысушыларын қысқа мерзімде жеткен табыстарымен және алға қойған жоспарларымен таныстырды. Бүгінде аталған оқу курстарынан жеті мыңнан астам жас өтті», - деді Ә.Рахымжанов.

Таныстырылған жобалардағы алуантүрлілік жастар тарапынан таңғалу пен қолдауға ие болды. «Ақсу» гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Сымбат Жарылқасын жол қозғалысын жетілдіру жөніндегі жобасымен таныстырды. Жоба авторлары тек қана жаяу жүргіншілерге ғана емес сондай-ақ автокөлік жүргізушілеріне де қолайлы жағдай туғызуды мақсат етіп қойыпты. Көлік логистикасын жақсарту бойынша жұмыстар елордадағы жолдарды кеңейтуді де қарастырған. Нақты сызба ретінде бейнеленген идея қалалық билік өкілдеріне міндетті түрде жолданатын болады.

Қала тұрғындарының мәселелері Жоғарғы политехникалық колледж студенті Әли Сапарбековті де ойландырады екен. Ол «Bookcrossing» бастамасымен қатарластарына қалалықтарды, оның ішінде оқушыларды кітап оқуға, қазақ мәдениетін, тарихын көпшілікке таратуға, жалпы әлем әдебиеті жауһарларымен  танысуға белсенді қатысуды ұсыныпты. Әрбір адам кез келген кітапты табу және бөлісуі үшін кітап жаппаларының нұсқаларын да дайындапты.

Көшбасшылық, дербестік, белсенділік және жауапкершілік – қазіргі заманғы жоғары сынып оқушылары мен студенттерінің бойынан табылуы тиіс қасиеттер. Кәсіби техникалық колледж студенті Аяулы Серікбаева дәл осылай пайымдайды. Ол өз жобасында жастарды елорданың қоғамдық өміріне тарту тетіктерін ұсынды. Сондай-ақ, құрдастары айналасындағы мәселелерге бейжай қарамауы үшін, олар қайырымды болулары үшін қандай шаралар өткізу қажеттігін де атап өтті.

  Нұрдәулет Алтынбеков «Тұран-Профи» қала шаруашылығы колледжінің үшінші курсында оқиды. Ол «Астана-ЕХРО 2017» көрмесі барысында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы заманауи ғылымның мүмкіндіктерінен мол әсер алғанын айтты. Су, күн, жел, биомасса – бұлардың бәрі қазіргі уақытта адамзатқа орасан пайда әкелуде. Ол да осы салада өзінің бірегей зерттемесін ойлап табуды шешті.

- Бұл найзағай энергиясы. Жоба әлі аяқталған жоқ, ал осы жоба жүзеге асырылған жағдайда жасыл экономика саласындағы нағыз жаңалық болады. Мысалы, алдын-ала жасалған есептер бойынша бір найзағайдың өзінен алынған заряд күші Алматы, Шымкент сынды қалалардың электр бойынша жартыжылдық шығынын жабуға жетеді, - деп Нұрдәулет идеясымен бөлісті.

Экология саласындағы проблемалық мәселелерді Жоғарғы сауда-экономикалық колледжінің студенті Аяжан Базарбай жан-жақты ашып көрсетіпті. Оның «Eco Help» жобасы қызу қол шапалақтаған залдың қолдауына ұласты. «Еркін ерік еріктілігі» жобасының жұмысы туралы «Шипагер» медициналық колледжінің студенті Диана Бачурина айтып берді. Студенттер онкологиялық науқас балаларды, Қарттар үйіндегі қарияларды қолдау мақсатында шаралар өткізеді. Олар өз қолдарымен пісірілген өнімдерді сатып, одан түскен кірісті мүгедек жандарға, аз қамтылған отбасыларға таратады.      

Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атына Үндеу қабылданды. Үндеуде белсенді студент жастар Елбасымыздың идеялары мен бастамаларына толық қолдау көрсететіндіктерін және Қазақстанның одан әрі дамуы мен гүлденуіне бар күштерін жұмсауға дайын екендігін білдірді.