2019 жылғы 16 сәуірде, 10-00 сағатта Елбасы кітапханасында студенттердің, магистранттар мен жас ғалымдардың «Ломоносов – 2019» атты XV халықаралық ғылыми конференциясы ашылады. Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жариялаған Еуразиялық одақ құру идеясының 25 жылдығына орайластырылған.

Конференцияның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы.

«Ломоносов – 2019» атты студенттердің, магистранттардың және жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы Мәскеу мемлекеттік университеті өткізетін «Ломоносов – 2019» халықаралық жастар ғылыми форумының құрамдас бөлімі болып табылады. Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалы 2005 жылдан бастап Қазақстанда Ломоносов оқуларын өткізуге арналған жаңа ірі алаңға айналды. Бұл Мәскеу унизверситеті негізін қалаған академиялық дәстүрлер сабақтастығын білдіреді.

«Ломоносов – 2019» атты студенттердің, магистранттар мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы Ресей мен Қазақстан университеттерінің шәкірттерін және басқаларды Одақты құру, оның даму мәселелерін, сондай-ақ филологиядан қолданбалы математикаға дейінгі түрлі ғылым салаларындағы ғылыми проблемалаларды талқылауға мүмкіндік береді, қатысушыларды қазіргі заманғы ғылымның теориялық және практикалық мәселелерін шешуге тартады, студенттердің өзіндік шығармашылық ізденіспен айналысуын ынталандырады, кәсіби бейімделуіне және олардың өздерін таныстырып, жетістіктерін жария етулеріне мүмкіндік береді.

Іс-шараның ашылуына М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының директоры, ММУ еңбегі сіңген профессоры, Ресей Федерациясы білім саласының құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасы білім саласының құрметті қызметкері Александр Сидорович, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов, қоғам және мемлекет қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, ҚР Президентінің Бейбітшілік және рухани татулық сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы алғашқы сыйлықтың, «Древо жизни», «Звезды содружества» халықаралық сыйлықтарының лауреаты Жабайхан Әбділдин қатысады.

Пленарлық отырыстан соң,  14-00 сағатта Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ оқу-лабораториялық ғимаратында төмендегідей секциялар жұмысын бастайды:

«Еуразиялық идея: тарихы және заманауилық»;

«Еуразиялық интеграцияның экономикалық мәселелері»;

«Орыс тілі мен әдебиеті заманауи еуразиялық әлемде»;

«Қазақ филологиясы мен лингводидактикасы еуразиялық интеграция тұрғысынан»;

«Көптілді білім еуразиялық мәнмәтінде: дамудың жаңа парадигмалары»;

«Өңірлік экологиялық проблемалар: заманауи әдістер мен тәсілдер»;

«Математиканың қазіргі мәселелері»;

«Математикалық модельдеу және ақпараттық технологиялар».

 

2019 жылғы 17 сәуір күні, 14-00 сағатта, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-те конференция қорытындыланып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.