ҰЛТТЫҚ ҚОРҒАНЫС УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ДӘРІС ӨТТІ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетімен серіктестік жөніндегі меморандумға сәйкес, Елбасы кітапханасы Әлеуметтік-гуманитарлы және ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердагулова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дәріс жүргізді.

Дәрістің кіріспе бөлімінде Қазақстанның бүгінгі даму ерекшеліктері мен экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлы реформалардың маңыздылығы қарастырылды. Мемлекет экономикасының үшінші жаңғыруы, бес институционалдық реформаның жүзеге асырылуы, қоғамдық сананың жаңғыруы әрбір азаматтың жауапкершілігінде екені де белгіленді.

Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары мен Қазақстан халқына жолдаулары, ел алдында сөйлеген сөздері басты құжаттар ретінде дәрістің негізіне алынды.

Тыңдаушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі қырларына үңілді. Стратегиялық бағдарламалардың мәні «Туған жер», «100 жаңа оқулық», «Архив-2025» іспетті жобалар арқылы келтірілді. Дәріске 90-нан астам офицер қатысты. Олардың қатарында қорғаныс университетінің оқытушылары мен қызметкерлері бар.