«Ел болашағы сенімді қолда» – осындай тақырыпта 1996 жылғы 10 қазанда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанның дарынды жастарымен алғаш кездесуі өтті. Бүгін, 12 тамыз - Халықаралық жастар күні сол бір тарихи кездесудегі сөйлеген сөзінің мәтінін, сондай-ақ басқа да архивтік фотосуреттер мен құжаттарды Қазақстандағы Жастар жылына арналған Елбасы кітапханасының көрмесінен тамашалауға болады.

Елбасы кітапханасының архивтік, музейлік және кітаптар жинағынан тұратын «Жастар – ел тірегі» кешенді тақырыптық көрмесі Қазақстанның заманауи жастары әлеуетін жүзеге асырудың негізгі салаларын қамтиды: білім және ғылым жүйесі, қоғамдық ұйымдар, мәдениет және спорт. Мемлекеттік саясаттың даму тарихы негізінен қазақстандықтардың жас буынының жетістіктерінде көрініс тапты. Тәуелсіздік жылдары жаңа бағдары, табысқа жетуге бағытталған құндылықты мақсаттары бар әлеуметтік-белсенді азаматтардың жаңа мәдени тобы қалыптасты.

1996 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қатысуымен өткен кездесу Қазақстандық жастар үшін ұмытылмас оқиғаға айналды. Сол кезде жаңа нарықтық жағдайдың қалыптасу кезеңін басынан өткерген ел тәуелсіздігінің бесінші жылы аяқталуға жақын еді. Дарынды отандастарымен әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы ретінде сол кезеңдегі мемлекетіміздің дамуы туралы боямасыз толық мағлұмат берді. Ол ішкі және сыртқы саясат басымдықтары туралы сөз қозғағанда жастар саясатына басты екпін берді. 

«Мемлекет басшысы Форумда сөйлеген сөзінде аға буын бастаған өзгерістерді жалғастыруда жастардың қандай рөл атқарарына жан-жақты тоқталды», - делінген КазТАГ тілшісінің хабарламасы орналасқан архивтік газет қиындысында, «- Ол алда күтіп тұрған қиындықтарды да жасырмады». Н.Назарбаев: «Біз сіздерге сенім артамыз, және өзгерістерден қашпау керек: болашақтарыңызды өз қолдарыңызбен қалауларыңыз керек», - делінген.

Көрмеде «Болашақ» халықаралық президенттік стипендиясын бекіту туралы 1993 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Президенті Қаулысының түпнұсқасы қойылған. Сондай-ақ, 1996 жылғы желтоқсанда Алматы қаласында өткен «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығын тапсыру салтанатының архивтік фотосы да бар. Жеке архивтен Елбасының қолтаңбасымен 2010 жылғы маусымда өткен Назарбаев университетінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінің мәтіні ұсынылған.

1999 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясы бекіткен Халықаралық жастар күні жыл сайын 12 тамызда атап өтіледі. Мерекенің мақсаты – әлемді дамыту мен құрудағы жастардың рөлі, олардың алдында кездесетін күнделікті мәселелер туралы еске салу.