Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы қазіргі Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың ақпараттық-идеологиялық кешені. Мекеме кітапхананың, архивтің, музейдің, талдау, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу орталығының қызметін атқарады.

Құрылу тарихы. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 2014 жылдың 13 наурызында Президенттің жеке кітапханасы мен жеке мұрағатының қызметін жүзеге асыру, Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын зерделеу, Президенттің идеялары мен бастамаларын елімізде және шет мемлекеттерде ілгерілету мақсатында құрылды.

Ғимараттың орналасуы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Астана қаласы (Қазақстан Республикасы) Ә. Бөкейхан көшесі, 1 мекенжайы бойынша орналасқан.

Бірегей ғимарат есімі әлемге әйгілі британдық сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша тұрғызылған. Оның құрылысы 2013 жылдың наурызында тәмамдалды.

Жалпы аумағы  30 мың шаршы метрден астам ғимарат аспанға зер салған көздің қарашығын бейнелейді. Сәулетшінің ойы бойынша оның қайталанбас сыртқы келбеті қазіргі Қазақстанның өміршең қуатын білдіреді.

Ақпараттық ресурстар. Елбасы кітапханасында ұлттық мәдени-тарихи мұраға айналған заманауи электронды-архив инфрақұрылымы және бірегей ақпараттық ресурстар бар.

Келушілер www.presidentlibrary.kz ресми сайты арқылы Елбасының электрондық кітапханасына қол жеткізе алады.

Елбасының жеке кітапханасы. Президенттің жеке кітапханасын әр жылдары Н. Ә. Назарбаевқа сыйға берілген және Елбасының 1960 жылдан бастап жинақтаған жеке (үй) кітапханасы қорындағы кітаптар мен басылымдар құрайды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорында Н. Ә. Назарбаевтың жеке топтамасындағы жәдігерлер, мерзімді және электронды басылымдар жинақталған: мемлекет басшылары мен олардың ресми өкілдерінің сыйлықтары, өнер туындылары және тарихи мәні зор құндылықтар. Кітапхана қорында сирек кездесетін, коллекциялық және көне басылымдар сақталған: Мемлекет басшысына Миландағы Амброзиан кітапханасы тарту еткен Леонардо да Винчидің сызбалары бар альбом, Елбасына қазақстандық ғарышкер Т. Мұсабаев сыйлаған ғарыш айлағында болған Құран, Қасиетті Құрандар топтамасы, Ресей императоры Александр ІІ кітапханасында сақталған Ф. Шлоссердің «Всемирная история» кітабы, 1838 жылы жарық көрген Энциклопедиялық лексикон және басқалары.

Жеке архив. Елбасының жеке архивінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мемлекеттік және қоғамдық қызметіне байланысты 120 мыңнан астам архив құжаттары, бірегей өмірбаяндық, шығармашылық материалдар сақталған. Мемлекет басшысының өмірі мен қызметінің басты кезеңдері туралы жеке сипаттағы құжаттар аса құндылығымен ерекшеленеді: үлгерім табелі, куәлік, көрікшінің рұқсат қағазы, құрмет грамотасы, алғыс хаттары, мандаттары, депутаттық билеттері, ата-аналарының құжаттары және туған жері жайлы мәліметтер.

Сонымен қатар Жеке архивтегі құжаттар тәуелсіз және егемен Қазақстанның қалыптасу үдерісін, президенттік институттың қалыптасуын, жас елдің мемлекеттік құрылуын, жаңа елорданың қалыптасуын, заң шығарушы және атқарушы биліктің кемелденуін, басқару аппаратын жетілдіруді, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси дамудағы жетістіктерді сипаттайды.

Елбасы кітапханасының экспозициялық - көрмелік қызметі екі бағытта дамып келеді:

  • тұрақты экспозицияларды дайындау және қалыптастыру;
  • көрме жобаларын іске асыру шеңберінде уақытша көрмелерді өткізу: «Тарихи таңдау» (президенттік институтқа арналған), «Ұлттық игілік» (қазақстандық қоғамның тарихи-мәдени мұрасының өзекті тақырыптарына арналған аймақтық жоба), «Мәдениет арқылы үн қатысу» (халықаралық жоба), «Музейлік жинақтар» (архив, музей және кітап жинақтарын зерттеу нәтижелері бойынша көрмелер), Қазақстанда заманауи өнерді танымал ету бойынша серіктестік жобасы, «Үкілі үміт» (шығармашыл жастарды қолдау жобасы), «Балалық шақтан көзқарас», (балалар шығармашылығын қолдау жобасы), «Туған өлкем» (қосымша білім беру ұйымдарын қолдау бойынша республикалық бағдарламасы).

2017 жылдан бастап Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрменің үлкен жобасы іске қосылды.

Елбасы кітапханасының Талдау орталығы еліміздің толағай табыстары және даму басымдықтарына, Мемлекет басшысының жаһандық бастамаларына байланысты жалпы әлемдік мәселелерді зерделеуге бағытталған халықаралық форумдар мен іс-шараларды ұйымдастырады.

Мекеме ұқсас ұйымдармен тығыз жұмыс жасап, Әзірбайжан, Қытай, Ресей Федерациясы, АҚШ, Сингапур, Түркия, Францияның және басқа мемлекеттердің ұлы саяси көшбасшылары мұрасын сақтау және ілгерілету бойынша озық тәжірибені зерделейді.

Жобалар. Елбасы кітапханасы қазақстандық жастардың бойына отансүйгіштікті ұялату, Мемлекет басшысының жасампаз бастамаларын ілгерілету мақсатында «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасын қолға алды. Оның шеңберінде білім беру мекемелеріндегі үздік оқушылар мен студенттер үшін семинар-тренингтер әр апта сайын ұйымдастырылады. Мазмұнды дәрістер арқылы «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының мәні мен маңыздылығы терең түсіндіріледі.

Жастармен жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында «Кемел Ел» мәдени-білім беру және жастарды тәрбиелеу орталығы құрылды. Орталықтың басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамалары мен идеяларын ілгерілету, қазақстандық жастардың еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне азаматтық қатысуын арттыру. Қазақстанның барлық өңірлеріндегі мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері Орталық мүшесі болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 4 қарашадағы №369 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесі оған «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі» мемлекеттік мекемесін қосу арқылы қайта құрылды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі Қазақстанның жаңа тарихын сипаттайды. Экспозицияларында республиканың егемендікке қол жеткізудегі және тәуелсіз демократиялық мемлекет құрудағы Тұңғыш Президент Н. Ә. Назарбаевтың тарихи рөлі жан-жақты көрініс тапқан.

Бүгінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі жинағында 11 000 сақтау бірлігі бар. Еліміздің аймақтарында музей қорынан тақырыптық көшпелі көрмелерді ұйымдастыру – Елбасы кітапханасы Музейінің мәдени қызметін жүзеге асырудағы маңызды бағыт.