Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы «Қазақстан: бейбітшілік, руханият және келісім территориясы» көрмесі.

2015 жылдың 29 қыркүйегінде Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің (Астана қ.) қорынан жинақталған «Қазақстан: бейбітшілік, руханият және келісім территориясы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
     Көрмені Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы С.Б. Бурбаева, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі директорының орынбасары К.Қ. Ақтаева ашты.
   Көрменің ашылу салтанатына жергілікті билік органдарының жетекшілері, қоғам өкілдері, Ақмола облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Көкшетау қаласының мұражайларының, мәдени мекемелерінің директорлары қатысты.
     Көрмеде тәуелсіз Қазақстанның мерейтойлық күндері - Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына байланысты құжаттар, фотосуреттер мен мұражай құндылықтарынан тұратын 100 аса жәдігер қойылды.
    Көрменің негізгі мазмұнын Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі қорындағы бірегей материалдар жинағы ашты: Н.Ә. Назарбаевтың жеке заттары мен құжаттары, шетел мемлекеттерінің басшылары мен үкіметтерінен табыс етілген сыйлықтар, жас мемлекеттің дамуы мен халықаралық беделін нығайтуға бағытталған Елбасының қызметін, бастамаларын айқындайтын фото және мұрағат құжаттары.
     Келушілер Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетін, тілін және әдет-ғұрпын білдіретін бейнелеу өнері және сәндік-қолданбалы өнер туындыларын: күміс бұйымдары, паннолар, мүсіндер, кәдесыйлық композициялар, тұрмыстық заттар, кілемдер мен әлем халықтарының ұлттық киімдерін тамашалады.