Астана «ақылды» қала болсын десек

www.aikyn.kz

Көне ойшыл Аристотель өз зерттеулерінде қала дамуына үлкен көңіл бөлген екен. Мысалы, ол қала дамуының басты шарты – сол қаланың өз тұрғындарына ең жайлы, әрі қолайлы жағдай жасау деген.

Егер бүгінгі әлем дамуының үрдісін ес­керетін болсақ, бұл ой-тұжырым қа­зір­гі күні өзінің жалғасын тауып отыр. Мы­­­салы, британдық ғалым Стивен Эм­моттың пікірінше, біздің ғасырымыздың ая­ғына қарай адамзат баласының жалпы са­ны 10 миллиардқа жетеді және олардың ба­сым бөлігі қалаларда тұратын болады. Осы болжамның мүмкіндігін Астананың мы­салы да көрсетеді. 1997 жылы елорданы кө­шірген жылы, қала халқының саны бар бол­ғаны 250 мың адам болған, ал 2015 жыл­дың басына қарай халық саны үш есе өсіп, бү­гінгі таңда Астанада 850 мың тұрғын тұра­ды.

Астанада 2012 жылы алғаш рет өт­кі­зіл­ген Халықаралық мұнай кеңесіне Ка­тар­ елінен келген қонақтың сөздері есімде қалды. Қонағымыздан елордамыздан алған әсерін сұрадым. Ол Астананы аралаған ке­зін­де елорданың жол-көлік қатынас жүйесі және көлік логистикасының ерекшелік­те­ріне көңіл бөлген екен. Оның ойынша, бо­ла­шақта Астана тұрғындары саны­ның өсуіне орай, қалада көлік қозғалысына байланысты белгілі мөлшерде қиындықтар туындайды. Өйткені автокөліктер басым мөлшерде бағдаршамдары бар қиылыс кө­шелері арқылы қозғалады. Кезінде осындай қиындықтармен Катар елі де жолыққан екен. Сол себептен бұл мәселенің шешімі ре­тінде катарлықтар кең алқапты тас жол­дарын хайвэй түрінде сала бастаған. Соның ішінде біржақты қозғалыспен жүретін автомагистральдар, жылдам автодаңғылдар және айналма жолдар салып, сол арқылы барынша қиылыс көшелерін болдырмай, қозғалыс жылдамдығын баяулатпауға ты­рысқан. Қонағымыздың айтуынша, осы шаралар Катардың транспорт жүйесін ілгері дамытқан.

Ал оның екінші ойы мен үшін күтпеген, бі­рақ ойландыратын жаңалық болды. Оның айтуынша, қала дамуында ерекше орын алатын тағы бір сала – ғылым мен бі­­лім. Қала әрдайым жандануы мен дамуы, сол қала тұрғындарының білік­тілігі, мәдениеті мен тәрбиесі, бәрі-бәрі ғы­лыми инфрақұрылымға байлынысты. Ра­сында, бүгінгі дамыған заманда бір қа­ланы екінші қаладан ерекшелендіре ала­тын қандай ар­тықшылық немесе жаңа­лық болуы мүм­кін? Мүмкін, катарлық айтып өткен көлік-жол жүйесі шығар? Әлде жаңа салынып жатқан за­манауи ғимараттар мен ойын-сауық ор­талықтары ма? Қазіргі замандағы жаһан­дану үрдісі мен елдер арасындағы сауда-эко­номикалық қатынасының даму қар­қынын ескере отырып, инфра­құрылым­дардың бар­лығының да құрастырылып немесе сатып әкеліне алатынын білеміз. Дегенмен катарлық сұхбаттасым айтып өткеніндей, дәл сол ғылым, білім, мәдениет және солар арқылы пайда болған орта адамдар үшін бір қаланы екінші қаладан артық көрсетеді.

Әрине, бұл тұрғыдан қарағанда Астана жә­не жалпы алғанда Қазақстан тез дамып келе жатыр. Сондықтан білім мен ғылым жүйесі – қаланың өркендеп өсуі үшін ең құн­ды негіз, яғни айрықша сара жол. Мы­салы, бұл – 1993 жылы ел Президентінің бас­тамасымен құрылған, әлі күнге дейін әлем­де ұқсастығы жоқ «Болашақ» бағдар­ла­масы; Астанада жаңадан бой көтерген және осы жылы алғашқы рет түлектерін ұшырған Назарбаев университеті; өздерінің оқыту бағдарламаларына әлемдегі ең ал­дыңғы әдістемелерді енгізіп келе жатқан елор­да­дағы көптеген университеттер, кол­ледждер, мектептер, оқу орталықтары мен балабақ­ша­лар. Астанада салынған әртүрлі ғылыми жә­не білім ордаларын да осы са­нат­қа жат­қызуға болады. Оқушылар са­райы, Қа­зақстан Республикасының Тұң­ғыш Пре­зи­денті Елбасының кі­тап­ханасы, «Аста­на-Опера» опера және балет театры, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұ­ра­жайы, ғылыми медицина және басқа да көптеген орталықтар соңғы жылдары  елор­­дамыздың сәулеті мен келбетін арай­ландыруда.

Интеллектуалды әрі танымдық ортасы бар қала ізденісі мен ынтасы бар жастарға, ту­ристер мен зерттеушілерге үлкен қы­зығушылық тудырып, өзіне жол ашады. Ал қаланың тұрғындарына өз білімдерін арттыруға, мәдениеті мен қабілетін шыңдауға, дамытуға баға жетпес мүмкіндік береді. Керісінше, тұрғындарында ғылым мен білімге және өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлығы жоқ қалада қоғам қатынастары біртіндеп кері кетіп, надандық пен құл­ды­рау кең белес алады. Осының барлығы ақы­рында мемлекеттің күйреуі мен ыды­рауына әкеліп соғады. Әлем тарихында бұ­ған дәлел ретінде келтірерлік мысалдар жет­кілікті. Мысалы, ерте ортағасырлық Еу­ропаның тарихын алып қарасақ, сол кез­де көптеген үздік ойшылдар, оқы­мыстылар, ғалымдардың инквизицияға (қудалау) ұшырап, құрбан болғандығы белгілі. Кейбір ғалымдар инквизициядан құтылу мақсатында, сол кездегі Еуропаның шеті болып саналатын қашықтағы Бри­тания аралына қоныс аударған. Сол жерден ғалымдар өздерінің зерттеулерін жалғас­тырған. Соның арқасында бүгінде әлемге әйгілі британдық оқу ор­талықтары пайда болды, олардың ішінде ең белгілілері Оксфорд және Кэмбридж университеттері. Ал сол уақыт ішінде инквизиция жариялаған құрлықтық Еу­ропа керісінше, құлдырап, көптеген қиын­дықтарға ұшырады. Оның ең ауыры жұқ­палы оба ауруының тарауы болды. Осы себепке байланысты Рим католик шіркеуі кеміп кеткен мемлекет қазынасын шұғыл түрде толтыру мақсатында жаңа индуль­генция ұғымын енгізуге мәжбүр болды. Ақыр аяғында қол жеткізген білім мен ғы­лыми жаңалықтар арқасында әлемге әйгілі әрі қуатты Британия империясы пайда болды, ал ағылшын тілі бүкіл әлем халық­тары қолданатын тілге айналды. Сон­дық­тан мемлекеттің дамуы мен халық әл-ауқа­тының көркеюі қалалардың және ондағы қа­лыптасқан ғылым, білім және мәде­ниет­тің дамуымен тығыз байланысты.
Шын мәнінде, Рим, Париж, Бағдад, Кор­доба, Александрия, Каир қалалары бас­қа қалалардан несімен ерекшеленді? Ме­нің ойымша, осы қалаларда өз заман­дарына сай ірі әрі мұрағаттарға бай кітап­ханалар мен мәдениет орталықтары көп болды.

Бүгінгі таңда әлемдік қала даму құры-лы­сында ерекше орын алып отырған тен­ден­ция – қала өмірінің барлық салаларына қа­тысты ұзақмерзімді тұрақты даму кон­цепцияларының болуы. Ол – қаланың транс­порт жүйесін дамыту; қаланы көрік­тендіру, көгалдандыру мен қоршаған ор­таны сақтау; экономикалық, әлеуметтік са­лалар және энергия-қуат тиімділігі мен жаңғырмалы энергетиканы жетілдіру; қа­лалық коммуналдық инфрақұрылым мен жаңа­дан көшіп келіп жатқан халықтың қа­ла аумағында ыңғайлы орналасуы секілді кон­цепциялар. Осы орайда қазір серпінді дамып отырған Копенгаген, Ванкувер, Нью-Йорк, Сан-Франциско, Сингапур сияқ­ты қалалардың тұрақты дамуларында ортақ бір бағыт – экология мәселесі. Мы­салы, осы қалалардың даму жобаларына сәйкес, олардың орталықтарында үлкен парк алаңдарының орналасқанын көруге болады және олар бүгінде қала өмірінің мә­дени орталықтары ретінде қалыптасып, тұр­ғындардың сүйікті орындарына айнал­ған.

Осындай әлемнің үздік дамыған қала­ларының мысалдарын көре келе, Астанада  білім және мәдениет бағыттарымен қатар, қала тұрғындары үшін демалыс уа­қытын өткізетін парктер мен алаңдардың салынуы­ның да маңызды екенін атап өткен жөн. Қазірдің өзінде жыл сайынғы қала халқы санының өсуіне бай­ла­нысты, Астанада халық көптеп баратын ойын-сауық кешендерінің керектігі се­зі­леді. Оның үстіне, осындай кешендер елор­дамыздың жаңа салынып жатырған аудан­дарында да болғаны ұтымды. Өйткені ол қа­ла халқы мереке және демалыс күн­дері қала ішінде тарап, ыңғайлы де­малуларына көмектеседі әрі демалыс орын­дарын таңдауларына мүмкіндік бере­ді. Бұл – Ыстамбұл мен Лос-Анджелес се­кілді қалалардың тәжірибесі. Осы себептен кейінгі кездері Астана қаласында «Әбу-Даби Плаза» және «Астана ЭКСПО – 2017» көр­мелік кешендерін салуға қарсы айты­лып жүрген ой-пікірлер бар екенін де айтуы­мыз керек. Еліміздің және Астана­мыз­дың бүгінгі қарқынды дамуы жақын бо­лашақта бұдан да кең көлемді қаржыны талап етіп, қала тұрғындарына арналған жаңа білім, мәдениет және демалыс ны­сандары мен кешендерінің құрылыстарын қажет етіп, сол арқылы Астанамыз шын мә­нінде, әлем астаналарының қатарына кі­ре­ді деген үлкен үміт пен сенім арта тү­се­ді.

Асылхан Нұрғалиев,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының аға ғылыми қызметкері