АСТАНА ҚАЛАСЫ ТУРИСТІК ФИРМАЛАРЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ

2018 жылдың 21 маусымында, сағат 9.30-да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасында («Назарбаев орталығы») Астана қаласы туристік фирмаларының өкілдерімен кездесу өтеді.

Кездесу «Open space» форматында өтеді.

Іс-шараның мақсаты – туристік агенттіктермен «музей – турфирма» жүйесінде әріптестік қатынастардың жаңа үлгісін қалыптастыру және туристік бағдарламалар мен бағыттарды бірлесе әзірлеу тәжірибесін дамыту болып саналады.

Іс-шараға Астана қаласындағы турфирмалардың бірінші басшылары қатысады.

Астананың 20 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер қалдыратын іс-шаралар кешенін ұсынады:

– «Ізгілік және мейірімділік симфониясы» жас дарындар көрмесі;

– «Қазақстандағы Олимпиадалық қозғалыс», «Н. Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыс көшбасшысы», «Тәуелсіздік бастауында» тұрақты экспозициялар.

Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет Елбасы кітапханасының Музейінде «Минхва» корейдің қазіргі заманғы халық кескіндемесінің көрмесі ашылды. Іс-шара Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық көрме жобасы аясында Қазақстан Республикасындағы Корей Республикасы Елшілігінің Корей мәдениет орталығы мен «Минхва» корей халық кескіндемесі музейінің қолдауымен ұйымдастырылды.

 

Өткізілетін орны: Астана қаласы, Ә. Бөкейхан көшесі, 1.