Астана қаласындағы № 1 Балалар музыкалық мектебінің оқушылары мен ұстаздарының қатысуымен Ашық есік күні өткізілді

2017 жылы 24 мамырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы музейінің ғимаратында Астана қаласындағы № 1 Балалар музыкалық мектебінің оқушылары мен ұстаздарының қатысуымен Ашық есік күні өткізілді.

Ашық есік күнін өткізу мақсаты – музей қорындағы жинақты насихаттау ғана емес, сонымен қатар, патриотизмге, туған жердің мәдениеті, салт-дәстүрлеріне  деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Іс-шараны аша отырып, директордың орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Қайыпова Б.М. Музей мен № 1 Балалар музыкалық мектебі арасындағы көпжылдық жемісті ынтымақтастықты атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев ұсынған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының нәтижелері мен табыстарына нақты тоқталды. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңа тұғырнамада жаңғырудың басты шарты «өз мәдениетіңді, өзіңнің ұлттық кодыңды сақтау» деп атап көрсетуі кездейсоқ емес.

Ашық есік күні аясында Музей экспозициялары жанында музей педагогтары сабақ-экскурсиялар өткізді.

Қауіпсіздік Кеңесі залында «Батырлар институты: дәстүрлер, мәртебесі және қару-жарағы» атты сабақ-экскурсия өткізілді. Оқушылар қаруды сыйға тарту дәстүрі, қазақтардың «Бес қару» жарағы туралы білім алып, ер балаларды әскери өнерге баулу дәстүрімен танысты. Аудиториямен тактильді әдістерді қолдану арқылы жүргізілген «Сандықтағы құпия: батырдың әскери қару-жарағы» ойыны барысында балалар батырдың сауыт-саймандарын киіп көруге мүмкіндік алды.

Күмбезді залдың фойесінде өткізілген «Қазақстанның сәндік қолданбалы өнері» атты сабақ-экскурсия барысында Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнерінің түрлері мен ерекшеліктері, тарихы ашылып көрсетілді. Бұл жерде қазақ халқының қол өнері, зергерлік өнерінің ерекшеліктерін бейнелейтін экспонаттар оқушылар назарына ұсынылды. 

Күмбезді залда өткен «Қазақстанның олимпиада чемпиондары» атты сабақ-экскурсия республиканың спорттық табыстары, еліміз мақтан тұтатын қазақстандық спортшылардың жарқын жеңістері туралы баяндады. Музей баспасөз залының холында  балалар Н.Ә. Назарбаевтың сүйікті спорт түрлері: теннис, гольф, тау шаңғысы және т.б. танысты.

Ашық есік күні қорытындысында қатысушыларға естелік кәдесыйлар тарту етілді.