«Астанатану» элективті курсы өткізілді

      2013 жылдың қыркүйек-қазан айларында кезекті «Астанатану» элективті курсы өткізілді. 2013–2014 оқу жылдары курс тыңдаушылары ретінде Ғ. Қайырбеков атындағы № 2 мектеп-гимназиясының 8-ші сынып оқушылары қатысты. Аталмыш курс алғашқы рет 2010–2011 оқу жылдары «Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуындағы Н. Ә. Назарбаевтың саяси бастамалары» білім жобасының аясында Музей базасында апробацияланды. Элективті курстың мақсаты оқушыларды өзіндік тарихи ой-қабілетін дамытуға, қалалық проблемаларға белсенді, өнегелі ұстаныммен қарауға, Астананың тарихы мен қазіргі болмысына құрметпен қатынас жасауға тәрбиелеуге негізделген.

       Бағдарлама дәрістік сабақтармен қатар, тәжірибелік сабақтарды, экскурсияларды өткізуді қарастырады. «Астанатану» курсы дәрістік бөлімінің аясында 10 сабақ өткізілді. Курс барысында оқушылардың өзіндік, шығармашылық, тәжірибелік жұмыстарын кең пайдалану мүмкіндігі қарастырылды (Астананың кітапханалары, мұражайларында іздестіру-зерттеу жұмыстарын жүргізілді). Дәстүрлі мектеп курстарынан атап өтетін ерекшелігі: оқушылар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі қорларынан алынған тәуелсіз Қазақстанның жас астанасының тарихы бойынша бірегей жәдігерлер мен құжаттармен танысуға мүмкіндік алды. Курс пен бақылау тесттің соңында балаларға сертификаттар тапсырылды.