«Астанатану» - Қазақстанның елордасы – Астана қаласы және оның тарихы, тұрғындары және көрнекті орындары туралы оқу пәні

«Астана – бұл, алдымен, адамдар. Астана адамының
жан дүниесі ерекше, мәдениеті жоғары, мінсіз білімді әрі
тәрбиелі болуы керек. Бұның бәрі бала кезден тәрбиеленуі
қажет. Біз балаларды ағаштарды сындырмауға, көшені
ластамауға, өз қаласын мәпелеп күтуге, тазалықты сақтауға
тәрбиелеуіміз керек.
Әр тұрғынның астанаға деген сыйластық, сүйіспеншілік
рухын дәріптеу қажет. Астана өз тұрғындарының ішкі
мәдениеті мен асқақ рухының, білімінің, сұлулығының
арқасында нағыз елордаға айналады».

Н. Ә. Назарбаев

      «ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасын қалыптастыру және дамытудағы саяси бастамалары» атты білім беру жобасы аясында 2010-2011 жылғы оқу жылында Музейде «Астанатану» оқу курсы сынақтан өткізілді.
      «Астанатану» - Қазақстанның елордасы – Астана қаласы және оның тарихы, тұрғындары және көрнекті орындары туралы оқу пәні.
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің Білім беру бағдарламасы аясында бұл курстың ашылуы, ең алдымен Астана қаласының Елбасының жүзеге асқан арманы, перзенті іспетті бола отырып, Нұрсұлтан Назарбаев есімімен және жаңа Қазақстанмен бірге ойға оралатындығына негізделген. Астана қаласы Н. Ә. Назарбаевтың мемлекет дамуының қазақстандық үлгісін жасаудағы бастамаларының жүзеге асқандығының нышаны болып есептеледі.
      Қазақстан Республикасының Президенті 1997 жылдың 10-желтоқсанында қаладағы алғашқы резиденция ғимаратының Күмбезді залында Ақмоланы республика астанасы деп жариялауы сезімдік әсерді күшейте түседі. Дәрістердің өткізілуіне қажетті базаның (дерекөзтанушылық және материалдық-техникалық) болуының да маңызы аз болмады.
      Курстың авторы – Музейдегі Ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Н. Қ. Мусина. № 35 мектеп-лицейі 8-сыныбының оқушылары курстың тұрақты тыңдаушылары болды.
      Курстың мақсаты және міндеті
      Лекциялық курстың мақсаты - оқушылардың өзіндік қасиеттерін дамыту, туған жері мен туған мәдениетін сүюге тәрбиелеу.
      Тәрбиелік міндеттері:
      – оқушылардың өзіндік тарихи ой-санасын жетілдіру, қаланың мәселелеріне адамгершілік, белсенділік позициясы тұрғысынан қарауға баулу, Астана қаласының тарихы мен қазіргі жағдайына сыйластықпан қарауға тәрбиелеу;
      – патриотизмге, азаматтылыққа, туған қаланы сүю және мақтан ету сезімдеріне тәрбиелеу.
      Ағартушылық міндеттері:
      – қаланың тарихы, тұрғындары, экономикасы, даму перспективалары, мәдени дәстүрлері білім жүйесін оқушылардың қабылдауын әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету.
      – Астана қаласының ерекшеліктері мен даму песпективаларын, қаланың республика және әлем тарихындағы орны мен рөлін ашып көрсету;
      – қаланы бағдарлау дағдысын дамыту;
      – оқушылардың өзіндік зерттеушілік жұмыс дағдысын бекіту.

      «Астанатану» лекциялық курсы аясында 14 дәріс өткізілді.
      Бағдарламада лекциялық дәрістермен қатар, тәжірибелік сабақтар, экскурсиялар және т.б. өткізу қарастырылған. Бұл курста оқушылардың жеке, шығармашылық, тәжірибелік жұмыстарын (Астана қаласының музейлері, кітапханаларында іздестіру-зерттеушілік жұмыстарды жүргізу) кеңінен қолдануға ерекше мән берілді.
      2010 жылғы 8-қарашадағы «Астана – Қазақстан Республикасының елордасы» атты кіріспе дәрісте Астана қаласының тарихына арналған мұрағаттық қормен жұмыс істеу әдістемесімен таныстыру мақсатында дәріске Астана қ. мемлекеттік мұрағаты Құжаттарды пайдалану және жариялау бөлімінің бастығы З. К. Айтжанова арнайы шақырылды. Қала мұрағатының қызметкерлері кейінгі кезеңдерде де мұрағаттарда жұмыс істеу тәртібін түсіндіріп, оқушылардың сұраныстарын қанағаттандырып отырды.

      «Ақмола Ұлы Отан соғысы жылдарында» тақырыбы бойынша «Ақмолалықтардың тылдағы еңбек ерлігі» атты дәрісі 2011 жылы 24 қаңтарда Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының көрме залында өткізілді. Мұрағаттардағы құжаттар тек қағаз тасымалдағыштарда ғана сақталса да, мұрағат қызметкерлері көрмеге тек соғыс жылдарының құжаттарын ғана емес, кеңес халқының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жеңісі мен ерлігін бейнелейтін заттарды да қойды. Ақмолалықтардың майдандағы хаттары, ақмолалық дивизиялардың құрылуы туралы құжаттар, ұрыс өткен жерлерден іздестіруші отрядтар тапқан заттар балалардың үлкен қызығушылығын туғызды.

      Мектептердегі дәстүрлі курстардан ерекшелігі – балалар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қорындағы тәуелсіз Қазақстанның жас астанасының тарихына қатысты бірегей экспонаттар, құжаттармен танысуға мүмкіндік алды. Осылайша, «Астана – тәуелсіз Қазақстанның нышаны» атты дәріс Музей экспозициялары жанында өткізілді.

      Музейден тыс, «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейлік-мемориалдық кешенінде (Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол ауылы) өткізілген дәріс саяси қуғын-сүргін, сталиндік террорға ұшыраған кеңестік зиялы қауымның тағдыры, «Отанын сатқандар» әйелдеріне арналған Ақмола лагері тұтқындарының тағдыры тақырыбына арналды. Қызметкерлердің Санкт-Петербург, Москва, Орынбор, Омск, Ташкент және басқа қалаларындағы зерттеу жұмыстары барысында жинақталған фотоқұжаттар, тұтқындардың жеке заттары сол алыс жылдардың қайғысын балаларға ұғындыруға көмегін тигізді.

      Курсты зерттеп білу негізгі өткен тақырыптар бойынша құрастырылған тапсырмалар мен сұрақтар енгізілген бақылау тестімен аяқталды. Оқушылардың шығармашылық тапсырмаларын орындауы және оқытылу кезеңінде ғылыми мәлімдемелерін ұсынуы тестіге жіберілудің міндетті шарты болып есептелді.

      «Астанатану» курсының дәрістері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20-жылдығына арналған «Астана даңғылдарымен» атты ең үздік жаяу экскурсиялық маршрутқа арналған қалалық байқауға балалардың қатысуына жағдай жасады. Экскурсиялық нысандардың төлқұжаттары мен схемаларын құрастыруда тарих пәнінің мұғалімі А. Ж. Рахметуллинаға біз көрсеткен әдістемелік көмек және ғылыми жетекшілік экспедициялық отрядқа Астана бойынша қызықты экскурсия жасауға және бұл байқауда ерекшеленуде септігін тигізді.

      Керемет жарқын күн болды! Бәріміздің көңіл-күйіміз көтеріңкі. Біз жас астанамызды аралап, жаяу экскурсия жасауды ұйғардық. Біздің жетекшіміз, тарих пәнінің мұғалімі Айман Жақанқызы экскурсия мақсатын түсіндірді. Экскурсия барысында елордамыздың тарихымен және көрнекті орындарымен таныстық. Біз саяхатымызды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінен бастадық. Содан соң, Туризм және спорт министрлігінен Конгресс-холлға дейін созылып жатқан аллеямен жүріп өттік. Конгресс-холл, көпір арқылы Қалалық паркке дейін бардық. Қала паркі бұл астаналықтардың, оның ішінде біздің де ең жақсы көретін жерлеріміздің бірі. Біз Есіл жағалауының таза ауасымен дем алдық. Бұл жерде самал жел соғып тұрды, Кенесары хан ескерткішінің жанында сәл аялдап, демалдық. Парк арқылы өтіп, Қазақстан туы ескерткішіне дейін жеттік, оның қарсы бетінде «Ұшатын тәрелке» іспетті жасалған Астананың циркі орналасқан. Қабанбай батыр көшесі арқылы жүріп өттік, солға бұрылып, «Бәйтерек» монументіне жеттік. Біз шаршағандай болдық, сонан соң Бәйтеректің жанында демалуға шешім қабылдадық. Бәйтеректің жанында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы және Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты орналасқан. Жасыл желекті бульвармен қыдырыстай жүріп, Тұңғыш Президенттің резиденциясы- Ақ ордаға дейін жеттік.
      Біз осылайша уақытты пайдалы әрі көңілді өткіздік. Біздің сыныбымыз достаса, біріге түсті.

Сыздықова Наргиз
№ 35 мектеп-лицейдің 8 «Б» сыныбы

      Сәуір айының соңында сыныбымызбен сүйікті қаламыз бойынша жаяу экскурсияға шықтық. ...Біз астанамыздың көптеген көрнекті орындарын араладық. Бұл ғимараттар біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен гүлденуінің жарқын белгісі болып табылады және Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің нышанын білдіреді.

Прокопова Валерия
№ 35 мектеп-лицейдің 8 «Б» сыныбы

      Барлық ғимараттардың әрқайсысы өздігінше бірегей. Күні бойы біз астананы жаяу араладық: қоғамдық көлікті пайдалану ниеті болған жоқ. Астана мені барған сайын таң қалдырды. Егер бірегей ғимараттардың тарихымен танысқыңыз келсе, онда бізге келіңіздер

Мәдиев Ғазиз
№ 35 мектеп-лицейдің 8 «Б» сыныбы

      «Астанатану» оқу курсының дәрістеріне белсенді қатысқаны үшін, Қазақстанның елордасы – Астана қаласының тарихына қызығушылық танытып, терең зерттеп білгені үшін Абзалбекова Айжан, Мәдиев Ғазиз және Прокопова Валерия Музей директоры А. Сағынғалидың алғыс хатына ие болды.