«Батырлар институты: дәстүрлер, мәртебесі және қару-жарағы» тақырыбында музейлік экскурсия сабағы өткізілді

2017 жылы 3 мамырда № 28 орта мектеп оқушыларына Қауіпсіздік Кеңесі залында «Жәдігерлер сыр шертеді...» циклы бойынша «Батырлар институты: дәстүрлер, мәртебесі және қару-жарағы» тақырыбында музейлік экскурсия сабағы өткізілді.

Резиденция кезінде бұл залда Жоғарғы Бас Қолбасшының төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары өткізілген. Қазіргі уақытта бұл жерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевқа мемлекет, үкімет басшылары мен қоғам өкілдері тарту еткен бірегей қарулар коллекциясы орналасқан. 

Сабақ барысында ғылыми қызметкер С.Қ. Жақыпова оқушыларға суық және ату қаруының үлгілерін көрсетті, ер балаларды әскери өнерге баулу дәстүрі туралы баяндап, қазақ халқының дәстүрлі қару-жарағының этнографиясымен таныстырды. «Сандықтағы құпия: батырдың әскери қару-жарағы» ойыны балалардың ерекше қызығушылығын туғызды. Дәріскердің көмегімен оқушылар батырдың сауыт-сайманын киіп көріп, суық қарудың күші мен мәнін сезінуге мүмкіндік алды. 

Тыңдаушылар назарына сабақ барысында музейлік экспонаттар, фото- және киноқұжаттар ұсынылды.