«Батырлар институты: дәстүрлер, мәртебесі және қару-жарағы» тақырыбында музейлік экскурсия сабағы өткізілді

  2016 жылдың 18 мамырында № 6 мектеп-гимназиясының оқушыларына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің Қауіпсіздік Кеңесі залында «Жәдігерлер сыр шертеді...» циклы бойынша «Батырлар институты: дәстүрлер, мәртебесі және қару-жарағы» тақырыбында музейлік экскурсия сабағы өткізілді.

      Қауіпсіздік Кеңесінің залында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы    Н. Ә. Назарбаевқа мемлекет, үкімет басшылары және қоғамның көрнекті өкілдері тарту еткен бірегей қарулар коллекциясы орналасқан. Резиденция уақытында бұл залда Жоғарғы Бас Қолбасшының төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары өткізілген.

      Сабақ барысында Музей педагогикасы орталығының ғылыми қызметкері С.Қ. Жақыпова аталмыш залдың тарихи маңызын аша отырып, көрсетілген қарулар жиынтығымен таныстырды. Оқушыларды қазақ халқының дәстүрлі қару-жарағының тарихымен таныстырып, ер балаларды әскери өнерге баулу дәстүрі туралы айтып берді. Музейлік аудиториямен жұмыс барысында педагог тактилді әдісті қолдана отырып, «Сандықтағы «құпия: батырдың әскери қару-жарағы» ойынын өткізді. Қарулар коллекциясын сақтаушы С.Қ. Сағымбаевтың көмегімен балалар батырдың сауыт-сайманын киіп көріп, суық қарудың күші мен мәнін сезінуге мүмкіндік алды.

      Жұмыстың мұндай түрлері Білім беру бағдарламасына қатысушылардың көңіл-күйі мен ойлау қызметін белсендіріп қана қоймай, алынған білімді бекітуге ықпал етеді.

      Тыңдаушылардың назарына Музей қорынан алынған фото- бейнеқұжаттар ұсынылды.