«БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ АРХИТЕКТУРАСЫ» КӨРМЕСІ

2018 жылғы 10-11 қазан аралығында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі аясында Бейбітшілік және келісім сарайында келушілерге арналған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорынан дайындалған «Бейбітшілік пен келісім архитектурасы» көрмесі ұсынылды.

Елбасы кітапханасының екі ғимаратындағы тұрақты экспозиция мен уақытша көрмелерде қазіргі қоғамда конфессияаралық және дінаралық келісімді сақтау, сыртқы көпвекторлы саясаттағы Қазақстанның бітімгершілік күш-жігері мен жасампаз көзқарасы тақырыптары ерекше орын алады. Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бес съезін шақыру мен өткізу тарихы туралы айшықтайтын бірқатар мұрағаттық және көрнекі құжаттар, әлемнің көптеген елдерінен келген форум қатысушыларының дипломатиялық сыйлықтар жинағы, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысы Н.А.Назарбаевқа берілген мемлекеттік наградалар бар.

«Бейбітшілік пен келісім архитектурасы» көрмесінде негізінен соңғы 2017-2018 жылдары берілген дипломатиялық сыйлықтардан тұратын Елбасы кітапханасы музей жинағының бірегей экспонаттары ұсынылған. Мұсылмандардың қасиетті кітабы Кұран Кәрімнің сүрелері мен аяттары алтын жіппен жазылған киелі Қағбаның қара түсті жібек жамылғысының жұрнағы – экспонаттар арасында ерекше орын алады.  Бұл сыйлық 2017 жылғы сәуір айында Президентімізге Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбдел Әзиз ибн Әбдурахмен Әл Саудтан сый ретінде жолданған болатын.

Көрмеде Әлемдік және дәстүрлі діндер көсбасшылары съездерінің тарихынынан сыр шертетін отыздан астам жәдігер бар. Көрме посткеңестік болмыстың күрделі және жаһанданудың қазіргі жағдайында келісімге жетудің қазақстандық тәжірибесін көрсетуге бағытталған.

 

«Бейбітшілік және келісім архитектурасы» көрмесі

2018 жылғы 31 қазанға дейін жалғасады