2019 жылғы 18 наурыз күні, 17.00 сағатта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында (Назарбаев орталығы) суретші, сәндік-қолданбалы өнер шебері Ботагөз Төлештің «Шексіз әлем» атты дербес көрмесінің ашылуы өтеді. «Үміт қанатында» атты шығармашыл жастарды қолдау жобасы аясында ұйымдастырылған көрме Жастар жылына арналған Елбасы кітапханасының мәдени-көрмелік іс-шаралар топтамасын жалғастырады.   

Ботагөз Төлеш Алматы қаласында дүниеге келген. 1997 жылы Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы көркемөнер колледжін бітірген. Аталған академияда жоғары білім алып, кейін «Интерьер дизайны» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдады.

Көрмеде суретшінің шығармашылық ойын ашатын, оның әлемді нәзік түйсінуін, сұлулықты алуантүрлі тануын беретін 30-дан астам гобелен ұсынылады.

Сол күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде Күмбезді зал фойесінің «Қазақстан Республикасының Президентіне сыйлықтар» атты қайта жаңартылған экспозициясы ұсынылатын болады.