«ДАЛА ӘУЕНІ» АТТЫ ЖҰБАНИЯЗОВТАР ОТБАСЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КӨРМЕСІ

2017 жылдың 27 қыркүйегі, сағат 17.00-де Елбасы кітапханасы ғимаратында (Ә. Бөкейхан көшесі, 10) сәндік-қолданбалы өнер шеберлері Жұбаниязовтар отбасының «Дала әуені» атты шығармашылық көрмесінің ашылуы өтеді.

Жұбаниязовтар – Алматы суретшілерінің арасындағы танымал отбасы. Алғаш рет әулеттің кәсіби шығармашылық іргесін – ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі Қуандық Наурызбайұлы Жұбаниязов (1947–2007) және оның жұбайы дәстүрлі қолданбалы өнер иесі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Күлипа Есімқызы қалады.

Өмірлік серіктер Қуандық пен Күлипа көркемөнер училищесінде танысып, отбасын құрады. Ерлі-зайыптылар 1970 жылы оқуларын тәмамдайды. Оқудан кейінгі онжылдық жас суретшілер үшін өз күштерін сарп етіп, бар мүмкіндіктерін сынайтын кезең болды. Сол кездері өнерге құштар суретшілер қолдан жасалатын гобелен тоқымашылығының мүмкіндіктерін белсенді зерттей бастайды және кескіндеме салумен шұғылданады.

Кез келген шығармашылықпен айналысатын әулеттің дәстүріне айналған мұра секілді Жұбаниязовтар отбасында да балалары ата-анасының өнердегі ісін жалғастыруда. Қызы Гүлнар Жұбаниязова – суретші, сәндік-қолданбалы өнер шебері, өнертану магистрі, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, ал ұлы Нұрсұлтан Жұбаниязов – мүсінші әрі суретші, республикалық және шетелдік пластика өнері көрмесінің қатысушысы.

Бүгінгі күні Жұбаниязовтар отбасының авторлық жұмыстары ҚР шет мемлекеттеріндегі елшіліктерінде, мемлекеттік және облыстық музейлерде, сондай-ақ жеке галереяларда сақтаулы. Көрмеге ұсынылған өнер туындылары республикалық және халықаралық (Ресей, Венгрия, Норвегия, Германия және т.б.) байқаулар мен көрмелерге қатысқан.

«Дала әуені» көрмесі 2017 жылдың 22 қазанына дейін жалғасады.

 

Кіру тегін.

Мекенжайы: Астана қ., Ә. Бөкейхан көшесі, 10 (Назарбаев орталығы ғимараты)