2018 жылғы 11 қазан күні, 9.00 сағатта Назарбаев орталығының ғимаратында «ЕҚЫҰ-ның Қазақстан Республикасындағы 20 жылы: ынтымақтастық және жетістіктер» халықаралық конференциясы өтеді.  Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен шараның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисі.

Конференцияның ресми ашылуына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Томас Гремингер, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы директорының м.а. Махмұд Қасымбеков, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисінің басшысы, елші Дьердь Сабо қатысады.

Конференцияның пленарлық отырысында Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай, ЕҚЫҰ-ның адам саудасына қарсы күрес жөніндегі үйлестірушісі Мадина Жарбосынова, Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы «БҰҰ- Әйелдер» құрылымының өкілі, Қазақстандағы көпжақты бөлімшенің Басшысы (Орталық Азия) Илейн М. Конкиевич, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов, ЕҚЫҰ, дипломатиялық миссиялар өкілдері, Қазақстанның саяси және бизнес элита өкілдері сөйлейді.

Конференция жаһандық әлемдегі ЕҚЫҰ-ның рөлін және оның 20-жылдық екіжақты ынтымақтастық мәнмәтінде Қазақстан Республикасымен қарым-қатынасын талқылауға  қазақстандық және халықаралық саясаткерлерді, дипломатиялық өкілдіктер мен миссиялардың өкілдерін, беделді сарапшыларды тарту мақсатында өткізіледі. Конференция барысында  ЕҚЫҰ-ның Қазақстанмен әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық бағыттардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланатын болады.

Конференция аясында ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы қызметіне арналған көрме ұсынылады және фильм көрсетіледі.