«ЕҚЫҰ – үнқатысу форумы» тақырыбында көшпелі көрме ашылды

2008 жылдың 18 – 28 қарашасы аралығында Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің қабырғасында Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығымен бірлесіп дайындалған «ЕҚЫҰ – үнқатысу форумы» тақырыбында көшпелі көрме ашылды.
     Көрме Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты бірлесіп ұйымдастырған «ЕҚЫҰ және аймақтық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерлер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына орай ашылды.
     Экспозицияға Қазақстан республикасы Тұңғыш Президенті Музейі қорынан алынған 80 фотоматериал мен құжат қойылды, ол Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы қызметінің негізгі бағыттары мен оның құрылу тарихы туралы әңгімелейді.
     Көрермендер тарихи фотоқұжаттармен – 35 мемлекеттің басшылары 1975 жылдың 1 тамызында Хельсинкиде Қорытынды актіге (Хельсинки келісімі) қол қойған фотоқұжаттармен танысу мүмкіндігіне ие болды. Коллаждар ЕҚЫҰ құрылымы, оның басшылығы мен қатысушы мемлекеттер туралы әңгімелейді. Фотоқұжаттарға қарап, ЕҚЫҰ-ның әлемдегі қауіпсіздікті сақтау, атап айтқанда, қарулануды таратпау, адам құқығын қорғау, экологиялық қауіпсіздік, демократиялық институттардың дамуы секілді жөніндегі жан-жақты қызметін тамашалауға болады.