«ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАРЫ» АЙМАҚТЫҚ КӘСІБИ СЕССИЯСЫ

2018 жылғы 14 қарашада сағат 15.30-да С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада кітапхана, мұрағат, музей салаларының мамандары және мемлекеттік қызметшілер үшін «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» атты аймақтық кәсіби сессия өтеді. Сессия «Музей» автоматтандырылған жүйесінің деректері негізінде музей қорының ғылыми зерттеулерін ұсынатын слайд көрсетілімдерімен «ашық кеңістік» форматында өтеді.

Іс-шараның басты мақсаты – мәдени мұраларымызды рухани жаңғыру міндеттері тұрғысында зерттеу әрі насихаттау бойынша тәжірибе алмасу және кітапхана, архив, музей қызметіндегі ақпараттық технологиялардың дамуымен байланысты өзекті мәселелерді талқылау.

Сессияға қатысушылардың назарына «Бір жәдігердің тарихы», «Музей коллекциялары» жобасын қамтитын «Музей жинақтары» ғылыми-қор музейтану бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің зерттеу жұмыстарының қорытындылары ұсынылады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында өтетін іс-шара ауқымды ғылыми-білім беру, мәдени-ағартушылық, сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша көшпелі экскурсияларды қамтиды.

Аталмыш жоба 2017 жылғы қарашада Алматыдан бастау алып, 2018 жылғы ақпан айында Түркістан облысында жалғасса, ал қыркүйек айында Атырау облысында табысты өтті. Жалпы 2017-2018 жылдары көрмені 350 мыңнан астам адам тамашалады.