ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ІРІ ФОРУМҒА ҚАТЫСТЫ

Еліміздің бас қаласында «Орталық Азияның су-энергетика саласы: ұлттық және жалпыаймақтық мәселелер» атты Орталық Азия сарапшыларының екінші форумы өтті. Қатысушылар су-энергетика, экология салаларында серіктестік құрудың, Орталық Азиядағы туризм саласын дамытудың мәселелерін ортаға салды.

2050 жылға БҰҰ берген болжамға сәйкес, елдегі халық саны 23 млн, Өзбекстанда – 41 млн жуық, Тәжікісітанда – 14,5 млн, Қырғызстанда – 8,1 млн, Түркменістанда – 7,8 млн.

Орталық Азия сарапшылары форумының қатысушысы, Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері Осман Досовтың айтуынша, аймақтағы халықтың саны өскен сайын, ауыл шаруашылығы пен өнеркәсіптің де сұранысы арта береді. Осы тұста шекарадағы су ресурсын ұтымды пайдаланудың, Арал теңізі төңірегіндегі экологиялық мәселелерді азайтудың амалдарын ортаға салатын кездесулер зор тәжірибелік мәнге ие.

– Орталық Азия сарапшыларының екінші форумын ұйымдастыру – ОА төңірігіндегі өзекті мәселелерді жүйелеп, оларды шешудің оңтайлы жолдарын ұсынуда жергілікті аймақ өкілдерінің ұмтылысы да, икемі де зор екенін көрсетеді. Мұндай сұхбат алаңында айтылған сарапшылардың ұсыныс- пікірлері әр мемлекеттің жан-жақты қолдауын иемденеді деп санаймын.

Сарапшының айтуынша, Орталық Азияның су-энергетика мәселесі жыл сайын өзектілігін арттырып келеді. Мәселенің шешімі жергілікті аймақтағы елдерге бірдей тиімді болуы тиіс. Оны жүзеге асыру үшін Орталық Азия елдерінің күшін жұмылдыру керек.

«Орталық Азияның су-энергетика саласы: ұлттық және жалпыаймақтық мәселелер» атты Орталық Азия сарапшыларының екінші форумын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Орталық Азия сақтану дипломатиясының БҰҰ аймақтық орталығы,  Орталық Азиядағы Фридрих Эберт қоры ұйымдастырды.