ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ СЕМИНАР-ТРЕНИНГТЕРІ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА

25-27 маусым аралығында Талдықорған қаласында Алматы облысы бойынша «Рухани жанғыру» жобалық кеңсесінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен семинар-тренингтер өтеді.

25 маусымда сағат 10.00-де ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облыстық филиалында "Ұлы даланың жеті қыры" атты Елбасының мақаласы бойынша "Library-practicum" форматында семинар-тренинг өтеді. Талдықорған мен Алматы облысының жергілікті билік органдарының басшылары мен қызметкерлеріне арналған семинарды Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова, Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев және Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күнсұлу Исинова өткізеді.

Семинарға қатысушылар оқу дәрісінің барысында дәріскерлер мен жаттықтырушылардың көмегімен Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласының идеяларын пайдалана отырып, жергілікті қауымдастықтардың мәселелерін тәжірибелік бағытта шешу үшін дағдыларды меңгеруге мүмкіндік алады. Елбасы кітапханасының ғалымдары әзірлеген семинар-тренингтің инновациялық форматы алғаш рет Қызылордада «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесінің аясында ұйымдастырылған болатын.

26 маусым күні сағат 10.00-де І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде мектеп және колледж мұғалімдеріне арналған «Болашақ өзіңнен басталады» семинар-тренингі өтеді. Семинар-тренингтің бағдарламасына кіретін «Бәсекеге қабілеттілік – ХХІ ғ. ұлт жаңғыруы», «Қазақстанның тарихи жолы мен эволюциялық дамуы», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Ашық сана – болашаққа жол» дәрістерді Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері әзірлеген. Сондай-ақ, жобалық қызмет бойынша тәжірибелік сабақтар мен жеке және топтық тиімділікті арттыру тренингтері қарастырылған.

Бұл үлгідегі семинар-тренинг 27 маусым күні сағат 10.00-де Алматы облысы бойынша ҚХА мүшелері мен этномәдени орталықтардың өкілдеріне Достық үйінде өткізіледі.