«Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» көрмесі 16 мая – 16 июня 2008 г.

2008 жылдың 16 мамырында Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің (Астана қ.) қорынан ұйымдастырылған «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» атты көрме ашылды.
Көрмені Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Е.Е.Нұрақаев, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі директорының орынбасары К.Қ. Ақтаева, СҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры И.М. Паламарчук ашты. Көрменің салтанатты ашылуына облыстық мәдениет басқармасының бастығы Р.Т. Бикенев, сонымен қатар Петропавловск қаласы мәдениет мекемелерінің өкілдері қатысты.
     Көрмеге қойылған экспонаттар әлемнің 28 елінің мәдениетін таныстырады. Қор коллекциясының негізгі бөлігін Мемлекет басшысына шетелдерге жасаған ресми сапарлары мен түрлі елдердің басшыларымен, сондай-ақ жұртшылық өкілдерімен кездесу барысында еліміз бен оның лидерінің халықаралық беделін мойындау белгісі ретінде сыйға тартылған сәндік-қолданбалы, кескіндеме өнері туындылары мен мүсіндер құрайды.
    Мұндай көрмелердің басты мақсаты – қазақстандықтардың бойында отансүйгіштік, өз елі мен оның халықаралық аренадағы жетістіктері үшін мақтаныш сезімін тәрбиелеу. Шет мемлекеттер мен үкіметтердің, халықаралық ұйымдар мен қорлардың басшылары, жетекші әлемдік компаниялар, еңбек ұжымдары, қоғам қайраткерлері сыйластық пен құрмет белгісі ретінде Қазақстан Республикасының Президентіне сыйлықтар тарту еткен. Коллекциядағы бұйымдардан ТМД елдерінің, Еуропа, Азия, Қытай, Американың белгілі суретшілерінің, мүсіншілерінің, зергерлерінің, халық шеберлерінің ерен еңбегі мен кәсіби шеберліктерін аңғаруға болады.
     Мемлекет басшысының жеке мұрағатынан алынып, көрмеге қойылған құжаттар мен фотосуреттер Н.Ә. Назарбаевтың мектептегі кезінен, студенттік өмірінен, мемлекеттік қызметтегі кезінен мәлімет беретін елеулі оқиғалар туралы баяндайды.
Көрме 2008 жылдың 16 мамырынан 16 маусымына дейін бір ай бойы жұмыс жасайды.