www.aikyn.kz

Президент «100 нақты қадам» – бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз. Реформаларды жүзеге асыру – алда тұрған 10-15 жылға бірінші кезекті жалпыұлттық міндет» деп Қазақстандағы әрбір азаматтың осы жоспарды орындауға атсалысуы қажеттігін айтты.

Елбасының Ұлт жоспары ретінде қоғам назарына ұсынған әрбір міндеттің орны бөлек. Соның ішінде ерекше назарға алын­ғаны – шетелдік компанияларда менеджер, жекелеген секторлардың жекелеген маман­дарын және халықаралық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын ел аза­маттарын мемлекеттік қызметке тарту мәселесі. «Оларды тағайындау ерекше талаптар және лауазымдардың жеке кестесі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін» дейді Елбасы.
Бұл көптен күткен, толғағы жеткен мәселе болатын. Себебі өткен ғасырдың аяғында қазақстандық жастарды шетел университеттеріне жіберіп оқыту науқанын бастаған кезде біз біраз мәселені аңғармай қалдық. АҚШ пен Еуропаның білімін қуамыз деген студенттеріміздің санасын сол жақтың мәдениеті жаулап, «еркіндігін» тұсаулап тастады. Соның салдарынан Қа­зақ­стан­ның басты капиталы – білімді жастардың біразы шетелде қалып қойды. Олардың ішінде мемлекеттік бағдарла­малардан бөлек, өз ақшасына барып, өзге елде жұмыс істеп кетуді көздегендер де бар. Шетелде жүрген жастарымыз туралы мә­селе қозғалғанда, барлық назар «болашақ­тықтарға», сонан соң шетелде жүрген ғалымдарға аударылды да, өз қаржысымен білім алып, қалып қойған өзге мамандық иелері ұмыт қалды.
Білім және ғылым министрлігіне қа­расты Ғылым комитетінің мәліметі бойын­ша, қазақстандық 232 ғалым шетелде жұ­мыс істейді. Олардың 61-і – Ресейде, 59-ы – АҚШ-та, 10-ы – Израильде, 10-ы – Канадада, тоғызы – Ұлыбританияда, сегізі – Қытайда, жетеуі – Жапонияда, жетеуі – Беларусьта, алтауы – Австралияда, бесеуі – Францияда, бесеуі – Чехияда, төртеуі – Швейцарияда, үшеуі – Оңтүстік Кореяда. Әзірбайжан, Венгрия, Литва, Швеция, Австралия, Германия, Италияда да қазақ­стандық ғалымдар бар. Байқап отырсаңыз, шетелде жұмыс істеп жүрген отандастарымыз жайлы мәлі­меттеріміз тек ғалымдармен ғана шектеледі. Ал өзге салада жүрген азаматтарымыз тура­лы білетініміз тым мардымсыз. Оңтүстік Корея, Қытай, Еуропа елдерінің, АҚШ-тың ірі алпауыт компанияларында – ме­неджер, тіпті президенттердің көмекші-кеңесшісі дәрежесіне жеткен жастарымыз бар дегенді ұзынқұлақтан естіп қаламыз. Тарихқа көз жүгіртсек, өткен ғасырдың бас кезінде, В.Ленин Кеңес өкіметі жаңадан құрылған кезде, Халық комиссарына – «Ха­лық ко­мис­сарының (сол кездегі ми­нистр) жа­лақысынан университет про­фессор­ларының айлығы 13-15 есе көп болуы керек» деп хат жазған екен. Бұл Қа­зан төңкерісі кезінде іске татитын кадрла­рының бәрі шетелге кетіп қалған Кеңес Одағының ғалымдар мен мамандарға зәру­лігінен туған болар. Осы қамқорлық мем­лекеттің қор­ғаныс күшін дамытуға, елдің дүниежүзілік деңгейдегі державаға айна­луына, 1957 жылы алғаш Жер серігін, ал 1961 жылы ға­рышқа алғашқы адамды ұшы­руы­на мүм­кіндік берді. Мұндай жағдай АҚШ, Еуропа және басқа өңірлердегі дамыған елдер үшін күтпеген жағдай болды. Оны кезінде «Русское чудо» деп атаған бо­латын. Эконо­мист-дипломат Сайлау Ба­тыр­ша «бізге де барлық салада жүрген маман­­дарымызды елге шақыратын сәт туды» дейді.
– Қазақтың үштен бірі сыртта жүр. Бұл іске дипломатиялық каналдарымызды жұ­мылдыруымыз керек. Шетелдік компания­ларда немесе мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейтін қазақ ұлтының өкілдері туралы мәліметтерді олар білуі тиіс. Бұл біздің саяси элитаның тың күш, тың идея­лармен толығуына жол ашатын еді, –дейді Сайлау Батырша.
Дипломат осы тұста халықаралық тә­жірибеге сүйенген де дұрыс деген ойға басымдық беріп, Оңтүстік Корея үкіметінің өз отандастарына қатысты саясатын мы­сал­ға келтірді. Кореялықтардың тәжі­рибесін екі түрге бөлуге болады. Біріншісі – модернизация, яғни қазіргі заманға сай олардың қоныстанған елінде дұрыс адап­тация (бейімделу) жасалып, заманға сай білім алуы, дамуы, техниканы меңгеруі сын­ды салаға көбірек көңіл бөліп, дамытуға атсалысу саясатын айтуға болады. Екіншісі, олардың (network) байланыс саясаты. Кәріс диаспораларының қоныстанған елі мен Отаны – Кореяның байланысы.
– Бірақ бір айырмашылық Кореяға қарағанда, Қазақстан ілгеріден көпұлтты қоғамды өзінде ұстап отыр. Қазақстанның диаспора жағдайында қазір шетелде жүрген оралмандардың оралуы күн санап арта түсуде. Олардың елге кіруі Қазақстаннан сыртқа шығу санынан көбірек. Осылай екіжақты кіру және шығу процесі жүзеге асуда. Басқалардың тәжірибесін сараптай келе, жүйеленген саяси жүйе құру керек. Оның нақты механизмдерін Елбасымыз Ұлт жоспарында нақты айтып берді. Тек мемле­кеттік қызметте жүргендердің ара­сынан «А» корпусына мамандар іріктеген кезде шетелден шақырылған мамандары­мыз ұмыт қалмаса екен, – дейді Сайлау Батырша.
Саясаттанушы Динара Нұрышева не­гізгі міндет – біздің орнымызға жұмыс істейтін адамдарды шақыру емес, өзара әрекеттесу арқылы өзіміздің адам капита­лының сапасын көтеру екенін айтады. Шетелден мамандар шақыруды елімізде белгілі бір салаларда мүлдем немесе сапасы қанағаттанарлық мамандар жоқ болған жағдайда қарастыру қажет.
– Біліктілігі жоғары шетел маманы Қазақстанға қызметке келген кезде, жергілікті мамандармен тәжірибе, білім алмасу шаралары ұйымдастырылуы қажет. Мұндай байланыстар, бір жағынан, қазақ­стандық мамандарға бұрын көңіл бөлмеген аспектілерді ашса, шетелдік мамандарға жергілікті ерекшеліктермен танысуға көмектеседі. Шетелден мамандарды тартуда анық критерийлерді негізге алған жөн. Олай болмаса, жай ғана табыс көзіне айналу қаупі өте жоғары. Мұндай мысалдар қазірдің өзінде аз емес. Дегенмен, бұған қарама-қарсы жағдай да кездеседі. Мы­салы, еліміздегі шетелден келген профес­сорлар жергілікті мамандар мен ұйымның қа­лыптасқан жұмыс істеу тәртібі кесірінен пайдалы бастамаларын толығымен жүзеге асыра алмай отыр.

Шетелде қызмет істеп жүрген қазақ­стан­дықтармен болса, мысалы, елшіліктер арқылы байланыстарды нығайтып, белгілі бір сала бойынша сұрақ туындағанда сол азаматтардың көмегімен жауап табарлық деңгейге шығу қажет. Олардың басқа елдердегі алып жатқан тәжірибесін құр­меттеп, өзара әрекеттесу керек, – дейді Динара Нұрышева.