«Елбасытану» элективті курсы бойынша дәріс өткізді

2015 жылы 24 сәуірде Ақмола облысы Аршалы ауданының білім беру саласы қызметкерлері, ұстаздары мен үздік оқушыларына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің бас ғылыми қызметкері Л. Омарова «Елбасытану» элективті курсы бойынша дәріс өткізді.

    Дәрісте музейдің ғылыми-іздестіру жұмыстары нәтижесінде, Елбасының туған өлкесі Қаскелең, Шамалған, Үшқоңырға, қызмет атқарған Алматы, Теміртау, Қарағанды, Днепродзержинск қалаларына ғылыми- іздестіру іссапарлары барысында жинақталған материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті
    Н.Ә. Назарбаевтың ұстаздары, замандастарымен кездесулер кезінде алынған деректер, сонымен қатар мұрағат, кітапханалар қорларынан табылған маңызды мәліметтер дәріс тыңдаушылардың  ерекше қызығушылығын туғызды.
    Атап айтсақ, Н. Назарбаевтың 1956 жылы «Жас натуралистер» ұйымы мүшесі ретінде Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысушы медалін иеленіп, алғашқы наградасын 16 жасында омырауына тағуы туралы бұрыннан көпшілікке беймәлім болып келген дерек тыңдаушылардың айрықша ықыласын аударды.
   Мұрағат қорларынан алынған Нұрсұлтан Әбішұлының атасы Назарбай Сапақбайұлына қатысты құжаттар, сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың өндіріс озаттарымен бірге космонавт В. Быковскийдің қолынан ғарышта болып келген комсомол төсбелгісін алуы, Қазақстан комсомолының Х, ХІІ съездеріне қатысуы туралы ақпараттар, Елбасы өмірбаяны туралы деректі фильмдер дәріс мазмұнын толықтыра түсті.