«Ғасырлар өрнегі» атты Зәмзегүл Оралбаева мен Әсел Хайролланың бірлескен көрмесі

3 шілде – 11 тамыз 2013 ж.

«Ғасырлар өрнегі» атты Зәмзегүл Оралбаева мен Әсел Хайролланың бірлескен көрмесі

      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Оралбаева Замзегүл мен «Дизайн-Дебют–2012», «Сібір кутюрьесі» халықаралық байқауларының дипломанты Хайрулла Әселдің «Ғасырлар өрнегі» атты бірлескен шығармашылық көрмесі өтті. Көрме ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің «Үкілі үміт» атты шығармашыл жастарды қолдауға арналған жобасы аясында ұйымдастырылды. Бұл жобаның басты мақсаты жас суретшілерге, сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріне қолдау көрсету.
      Қазақстан астанасының мерейтойы қарсаңында кезекті көрменің ашылуы кездейсоқтық емес. Астанамыздың жастықтың, жаңарудың және шығармашылықтың символына айналғаны сөзсіз. Музей жобасына қатысушы жастар Елорданың жүрегінде орналасқан Музей ғимаратында, астананы Алматыдан Астанаға көшірген уақытта Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті алғашқы қызмет атқарған жұмыс орнында көрменің ашылуын өздерінің шығармашылық өмірінің ерекше бір қайталанбас бөлігі деп есептейді.
      Киіз басу, киізден бұйымдар жасау – қазақ мәдени мұрасының ең көне түрлерінің бірі. Киіз – басылған қой жүні – біздің дәстүрлі өнеріміздің синонимі, сонымен қатар халықтың күнделікті тұрмысының шынайы келбеті. Ата-бабаларымыз ежелден бері киіз басу өнерінің ғажап технологиясын ойлап тауып, жүннің табиғи қасиеттерін жұмсақтық пен жылылықты, иілгіштік пен төзімділікті ұтымды пайдаланып, бұйымды сапалы өңдеуде іскерлік таныта білген.
      Зәмзегүл Оралбаеваның киізге сурет салу өнері көрме қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды. Автордың жұмыстары бояудың нәзік иілімдерімен, табиғи түстерімен ерекшеленеді. Суретшіні ата-бабаларымыздың атамекені, оның рухы мен сұлулығы шабыттандырады. Оның киіз кенептері қазақтардың көне мәдениеті мен тарихына деген көмескі естеліктерге толы. Көрмеге шебердың 30-ға жуық жұмысы халық назарына ұсынылды.
      Көрменің келесі авторы – ақтөбелік Әсел Хайролла киізден түрлі киімдер жасау арқылы қазақтың дәстүрлі өнерін жаңғыртып жүргендердің бірі. Киіз басу технологиясын қолдана отырып, әртүрлі мата фактурасымен әйелдердің тігіссіз заманауи киім үлгілерін жасайды.