2018 жылдың 16 мамырында, сағат 11:00-де  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Еліне жол ашқан» кітабының тұсаукесері өтпек. Қазақ тіліне аударылған аталмыш кітап әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Алирза оглы Алиевке арналады.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, жаңа басылым редакция алқасының жетекшісі Махмұт Қасымбеков, Әзербайжан Президентінің қоғамдық-саяси сұрақтары бойынша көмекшісі Али Гасанов, Әзербайжан Парламентінің депутаты, «Әзербайжан-Қазақстан» парламентаралық достық тобының төрағасы Әділ Әлиев, Әзербайжан Парламентінің депутаты, «Әзербайжан-Қазақстан» парламентаралық достық тобының мүшесі Низами Джафаров, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов, Халықаралық түркі академиясы ұйымының президенті Дархан Қыдырәлі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов қатысады.

Гейдар Алиев – қазіргі гүлденген, демократиялық Әзербайжан Республикасының негізін қалаушы. «Еліне жол ашқан» кітабының тұсауы Әзербайжан көшбасшысының 95 жылдығына орай кесілмек. Басылымның алғы сөзін Гейдар Алиевпен тамыры терең достықта болған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жазған.

Кітапта мемлекет басшыларының, әлемге белгілі саясаткерлердің, экономисттер мен бизнесмендердің естеліктері келтірілген. Сонымен қатар, оның беттерінде КОКП ОК Саяси бюросының бұрын құпияда сақталған құжаттары мен суреттері ұсынылған.

Іс-шара барысында Гейдар Алиев туралы фильмнің көрсетілімі мен Елбасы кітапханасының Музейі бойынша экскурсия өтеді.