Халықаралық сарапшылар Орталық Азия елдері жастарының мәселелерін талқылады

Нұр-Сұлтан қаласында «Орталық Азия жастарының өмірлік стратегиялары және ұтқырлығы: проблемалары, болашағы, әлеуеті» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараны Халықаралық көші-қон ұйымы мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды. Конференцияға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының атынан Халықаралық байланыстар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Осман Досов қатысты.

Іс-шара АҚШ Мемлекеттік департаментінің халық саны, босқындар және көші-қон ісі бойынша Бюросы қаржыландыратын «Көші-қон бойынша Азия аймақтық бағдарламасы» жобасы аясында өткізілді. Оның ашылуына көші-қон саласындағы зерттеулермен айналысатын жетекші халықаралық сарапшылар қатысты. Конференция жұмысы пленарлық отырыс және таныстырылымдармен жалғасты.

Конференция барысында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан сарапшылары «Орталық Азия елдеріндегі сыртқы жастар көші-қоны: қауіп-қатерді талдау және жағымсыз салдарды азайту» тақырыбындағы аймақтық далалық зерттеулердің нәтижелері жөнінде есептерін ұсынды. «Орталық Азия елдеріндегі сыртқы жастар көші-қонының жалпы аймақтық аспектілері» және «Орталық Азия елдеріндегі сыртқы жастар көші-қоны: қауіп-қатерді талдау және жағымсыз салдарды азайту» тақырыптарында баяндамалар жасалды. 

О.Досов «18 бен 30-35 жасқа дейінгі жастарға басты назар аудару керек» деген  сарапшылар бағасымен үндес пікірін білдірді. Өйткені, азаматтардың осы санаты Орталық Азия елдері халқының едәуір бөлігін құрайды. Мысалы, Қазақстанда жастар жалпы халықтың 22% құраса, Өзбекстанда - 24%, Қырғызстанда - 26%, ал Тәжікстанда - 35% құрайды.